ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Иркутск облысындағы жағдайды бақылауда ұстап отыр
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Ресей Федерациясының Иркутск облысында аса қауіпті инфекцияға күдік келтірілген жағдайға байланысты эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстап отыр.
Ведомство мәліметінше, Қазақстандағы жағдай тұрақты бақылауда. Алдын алу сипатындағы қажетті шаралар қабылданып, мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізілуде.
Көліктің барлық түрлерінде дене қызуы көтерілген, ауру белгілері байқалған немесе аса қауіпті инфекцияға күдігі бар адамдар анықталған жоқ.
Алдын ала бағалау бойынша, инфекцияның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен деңгейде қалып отыр.
Жағдайға баға беру және қабылданып жатқан шаралар ресми ақпараттың түсуіне қарай нақтыланады.
Денсаулық сақтау министрлігі сапардан кейін ауру белгілері пайда болған жағдайда медициналық көмекке уақтылы жүгінуге кеңес береді. Мұндай жағдайда дәрігерге барған жері мен сапар күндері туралы хабарлау қажет.
Сондай-ақ ведомство азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
Қолда бар мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта ресейлік мамандар эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Қорытынды диагноз әзірге ресми түрде расталған жоқ. Ықтимал жұқтыру көзі мен мән-жайлары анықталуда.
Медициналық бақылауда 197 байланыста болған адам бар. Қолда бар мәліметтер бойынша, олардан ауру белгілері анықталмаған, зертханалық зерттеу нәтижелері теріс болған.
Шелехов аудандық ауруханасында қажетті эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
4 қазанда Роспотребнадзордың баспасөз қызметі Иркутск облысында, Иркутск қаласында және Шелеховта санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін хабарлады.
Сондай-ақ ведомство оба ауруының жағдайлары анықталмағанын мәлімдеді.
Иркутск облысында 28 жастағы әйелдің қайтыс болу себебі этиологиясы анықталмаған пневмония ретінде сипатталуда.