Солтүстік Қазақстан облысында Telegram және WhatsApp мессенджерлеріндегі аккаунттарды бұзып, азаматтардың атынан ақша сұрайтын алаяқтықтың 14 дерегі тіркелді. Полиция тұрғындарды күмәнді сілтемелерге өтпеуге және ақша аудармас бұрын ақпаратты тексеруге шақырды.

Соңғы екі аптада өңір тұрғындарына Telegram арқылы таныстарының атынан күмәнді хабарламалар келе бастаған. Онда «Сашаға дауыс берші» деген өтініш жазылып, белгілі бір байқауға қатысушыға дауыс беруге арналған сілтеме жіберіледі.

Полицияның мәліметінше, хабарламадағы адамның есімі әртүрлі болуы мүмкін. Алайда мұндай сілтемелер азаматтардың мессенджердегі аккаунттарына заңсыз қол жеткізу үшін пайдаланылуы ықтимал.

Алаяқтар аккаунтты бұзып, таныстарынан ақша сұрайды

Күмәнді сілтеме арқылы аккаунтқа қол жеткізген қаскөйлер оның иесінің атынан байланыс тізіміндегі адамдарға хабарлама таратады.

Мысалы, «80 мың теңге жіберші, кешке қайтарамын» деген мазмұндағы өтініштер жолдайды.

Егер хабарлама алған адам ақша аударуға келіссе немесе мән-жайды сұраса, алаяқтар қаражаттың шұғыл қажет екенін айтып, басқа банк шотына аударуды ұсынады.

Бұл уақытта аккаунттың шынайы иесі мессенджерге кіре алмай қалуы және өз атынан жіберіліп жатқан хабарламалардан хабарсыз болуы мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов өңірде осындай тәсілмен жасалған алаяқтықтың 14 дерегі тіркелгенін мәлімдеді.

– Кез келген азамат осындай қауіпке ұшырауы мүмкін. Оның ішінде кеңінен қолданылатын WhatsApp та бар. Адамға қаншалықты сенсеңіз де, ол сілтеме жіберсе, әдеттегі телефон қоңырауы арқылы хабарласып, мұндай хабарламаны шынымен өзі жіберген-жібермегенін анықтаңыз, – деді Әлібек Құжахметов.

Күмәнді фотосуреттерге қатысты хабарламалар да қауіпті болуы мүмкін

Құқық қорғау органдары тұрғындарды фотосуретке қатысты белгісіз сілтемелерден де сақ болуға шақырады.

Мәселен, «Мына суреттегі сен емессің бе? Мұны қашан түсірдің?» деген мәтінмен бірге сілтеме жіберілуі мүмкін.

Мұндай хабарламалар телефонға зиянды бағдарламалар орнатуға немесе жеке ақпаратты ұрлауға бағытталған алаяқтық әрекеттің бір бөлігі болуы ықтимал.

Полиция интернет алаяқтарынан қорғану үшін бірнеше ережені сақтауға кеңес береді:

  • Күмәнді хабарламалардағы белгісіз сілтемелерді ашпау;
  • Танысыңыз ақша сұраса, оған тікелей телефон соғып, өтініштің шынайылығын тексеру;
  • Мессенджер арқылы келген ақпаратқа бірден сенбей, оның дұрыстығына көз жеткізу;
  • Аккаунтқа бөтен адамның кіргенін байқасаңыз, оны қорғау үшін дереу шара қабылдау.

Полицейлердің айтуынша, интернет алаяқтарынан қорғанудың негізгі жолдарының бірі – күмәнді сілтемелерден сақтану және кез келген ақша аударымының алдында ақпаратты мұқият тексеру.

Құқық қорғау органдары азаматтарды таныстарының атынан келген хабарламаларға да сақтықпен қарауға шақырады.