Қазақстан мен Беларусь халықаралық автомобиль тасымалдарына электрондық рұқсат беру жүйесін енгізу бойынша ынтымақтастықты кеңейтпек. Тараптар 2027 жылы жаңа жүйені пилоттық режимде іске қосуға келісті.

Бұл туралы Астанада өткен Қазақстан–Беларусь халықаралық автомобиль қатынасы жөніндегі бірлескен комиссияның кезекті отырысында белгілі болды.

Кездесуде екі ел арасындағы жүк тасымалын дамыту, транзиттік бағыттарды кеңейту және рұқсат беру рәсімдерін цифрландыру мәселелері талқыланды.

Электрондық рұқсат беру жүйесі 2027 жылы сынақтан өтеді

Тараптар халықаралық автомобиль тасымалдарына электрондық рұқсаттарды енгізу мәселесіне ерекше назар аударды.

Келіссөз қорытындысы бойынша 2026 жылдың соңына дейін арнайы жұмыс тобын құру, ал 2027 жылы электрондық рұқсаттарды пайдалану бойынша пилоттық жобаны іске асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Жүйені цифрлық форматқа көшіру әкімшілік рәсімдерді қысқартуға, құжаттарды рәсімдеу уақытын азайтуға және халықаралық тасымалдардың ашықтығын арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар комиссия отырысында халықаралық автомобиль тасымалдарына берілетін рұқсаттар бойынша шектеусіз квота енгізу мүмкіндігі қарастырылды.

2027 жылға 50 мың рұқсаттың алдын ала квотасы келісілді

Қазақстан мен Беларусь тасымалдаушылардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылға қосымша 5 мың рұқсат бланкісімен өзара алмасу туралы шешім қабылдады.

Ал 2027 жылға арналған рұқсаттардың алдын ала квотасы 50 мың бірлік көлемінде келісілді.

Бұл шаралар екі мемлекет арасындағы автомобиль тасымалдарын ұйымдастыруға қосымша мүмкіндік беруге және сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға бағытталған.

Отырыс барысында Қазақстан мен Беларусь арасындағы жүк тасымалы көлемінің тұрақты өсіп келе жатқаны атап өтілді.

Қатысушылар екі елдің халықаралық көлік дәліздерін дамытудағы рөліне де тоқталды.

Кездесу қорытындысында тараптар автомобиль көлігі саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруға, халықаралық тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға және көлік байланыстарын одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.