ИКАО Бас хатшысы Астанаға алғаш рет келіп, халықаралық авиациялық қауіпсіздік апталығына қатысады
Фото: Gov.kz
Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келді. Бұл оның Орталық Азия елдеріне жасаған алғашқы сапары болды.
Хуан Карлос Саласар Астанаға жұбайы Кардона ханыммен бірге келді. Жоғары мәртебелі қонақты елорда әуежайында Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Талғат Ластаев қарсы алды.

Фото: Gov.kz
Ресми сапар аясында ИКАО Бас хатшысы 20–22 қазан аралығында Астанада өтетін ICAO Security Week 2026 халықаралық авиациялық қауіпсіздік апталығына қатысады.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Қазақстан мұндай ауқымдағы халықаралық авиациялық қауіпсіздік апталығын алғаш рет қабылдауда.
Жиынға түрлі елдердің авиациялық билік органдарының басшылары, халықаралық ұйымдар, әуе компаниялары мен әуежайлардың өкілдері, сондай-ақ азаматтық авиация саласының жетекші сарапшылары қатысады.
Халықаралық іс-шара барысында авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заманауи қауіп-қатерлердің алдын алу және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланбақ.
Қазақстанның Көлік министрлігі ИКАО Бас хатшысының сапары мен авиациялық қауіпсіздік апталығының елордада өткізілуін еліміздің халықаралық авиация саласындағы рөлінің артуымен байланыстырады.
Іс-шара нәтижесінде авиациялық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге және жаңа қауіп-қатерлерге қарсы бірлескен тәсілдерді әзірлеуге бағытталған ынтымақтастықты дамыту көзделіп отыр.
Қазақстан ИКАО-ға 1992 жылдан бері мүше
Халықаралық азаматтық авиация ұйымы – Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі. Оның құрамына 193 мемлекет кіреді.
Ұйым азаматтық авиация саласындағы халықаралық стандарттарды әзірлеумен, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік талаптарын жетілдірумен айналысады.
Қазақстан 1992 жылдан бері ИКАО мүшесі болып табылады.
2024 жылы еліміз Орталық Азия мемлекеттері арасында бірінші болып Канаданың Монреаль қаласында ИКАО жанындағы Тұрақты өкілдігін ашты.
Хуан Карлос Саласар 2021 жылғы тамыздан бері ИКАО Бас хатшысы қызметін атқарып келеді. 2024 жылы ол екінші мерзімге қайта тағайындалды.
Астанадағы халықаралық авиациялық қауіпсіздік апталығы Қазақстан мен ИКАО арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және азаматтық авиациядағы қауіпсіздік мәселелері бойынша халықаралық тәжірибе алмасуға бағытталған.