Әлеуметтік желідегі жазбасы үшін айыпталған Алика Мұхамадиева сот алдында жауап береді
Қарағандылық Алика Мұхамадиеваның қазақтарды қорлаған жазбасы әлеуметтік желіде шу шығарғаннан кейін қозғалған қылмыстық ісі сотқа түсті, деп хабарлайды ҚазТАГ ақпараттық агенттігі.
Іс ҚР ҚК 174-бабының 1-бөлігі (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру) бойынша сотқа жолданды. Бұл бап бойынша екі мыңнан жеті мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, не екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Іс Қазыбек би аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотта, судья Арғын Құтышевтің қарауында. Негізгі сот талқылауы 14 қазанға тағайындалды.
Бұған дейін Қарағанды облысының ПД қызметкерлері әлеуметтік желіде мониторинг жасау кезінде желі қолданушысы тарапынан ұлтаралық араздықты қоздыру фактісін анықтаған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 174-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, күдікті тергеу изоляторына қамалған.
Тергеу қорытындысы бойынша, 22 жастағы қарағандылық бойжеткен Threads әлеуметтік желісінде ұлтаралық араздық белгілері бар жазба жариялаған. Алика Мұхамадиева шетел асуды жоспарлағандықтан, полиция күдіктіні қамауға алған.
Алика Мұхамадиева – Қарағандыдан шыққан кәсіпкер, сәлемдемелер жеткізу қызметі мен киім дүкеніне иелік етеді. Ол Threads-тағы жанжал тудырған пікірлерінен кейін көпшілікке танылды. Күдіктінің сөздері Қазақстан қоғамында қатты сынға ұшырады. Кейін ол видео түсіріп, көпшіліктен кешірім сұрады, алайда бұл қоғамның наразылығын бәсеңдетпеді.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай