Көз ауруларын ерте анықтауға арналған жобасы үшін NIS оқушысы «Jas Aqmola» сыйлығына ие болды
Көкшетаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Ұлағат Нұртас облыстық «Jas Aqmola» жастар сыйлығының «Заманнан озған» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Ол бұл марапатқа смартфон арқылы көз ауруларының алғашқы белгілерін анықтауға көмектесетін жасанды интеллект негізіндегі Veya жобасы үшін ие болды.
Жобаны қолға алуға Ұлағаттың жақындарының көру қабілетіне байланысты қиындықтарға тап болуы себеп болған. Осы жағдайдан кейін ол көз ауруларын асқынбай тұрып анықтаудың және тексеруді көпшілікке қолжетімді етудің жолын іздей бастаған.
– Кейбір көз аурулары ұзақ уақыт бойы еш белгі бермейді. Ал анықталған кезде көру қабілетінің бір бөлігін қалпына келтіру мүмкін болмайды. Ауру белгілерін көз түбінің суреті арқылы байқауға болады. Бірақ мұндай сурет түсіретін аппараттың бағасы 14 миллион теңгеден асады әрі барлық емханада кездесе бермейді. Сондықтан осы тексеруден кез келген емханада өтуге мүмкіндік жасағым келді, – дейді Ұлағат.
Veya смартфонға жалғанатын арнайы қондырғы мен жасанды интеллект негізіндегі веб-платформадан тұрады. Медицина қызметкері қондырғы арқылы пациенттің көз түбін суретке түсіріп, оны жүйеге жүктейді. Жасанды интеллект кескінді талдап, күмәнді өзгерістерді белгілейді және офтальмологтің қосымша тексеруі қажет болуы мүмкін екенін көрсетеді. Жүйе глаукома, диабеттік ретинопатия және катаракта белгілерін ерте анықтауға көмектесу үшін әзірленген.

Оқушының айтуынша, көз түбін суретке түсіруге шамамен екі минут, ал кескінді өңдеуге тағы бір минут қажет. Жүйені пайдалану үшін арнайы қондырғысы бар смартфон мен интернетке қосылу мүмкіндігі жеткілікті. Қондырғының болжамды құны – 55 мың теңге. Бұл бастапқы тексеруге кететін шығынды азайтып, қызметтің қолжетімділігін арттыруы мүмкін.
Veya жобасы Startup Orda 2.0 инкубациялық бағдарламасы аясында қолға алынған. Әзірлеу жұмыстарына кіріспес бұрын команда мәселені зерттеп, медицина мамандарымен кеңескен. Ұлағат нейрожелі моделі мен веб-платформаны әзірлеуге жауапты болса, оның командаласы Әбілмансұр Төленді арнайы қондырғының техникалық бөлігін жасаған. Жүйенің алғашқы жұмыс нұсқасы шамамен екі айда дайын болды.
Жобаны жетілдірудегі маңызды қадамдардың бірі – «Центр глаза» клиникасының офтальмологі Аян Смайловпен кездесу. Дәрігердің қатысуымен команда жүйенің жұмысын диабеттік ретинопатиясы бар пациентке тексеріп көрді. Маманның пікірін тыңдап, құрылғыны әрі қарай жетілдіру қажет тұстарын анықтады.
Жобаға Көкшетаудағы NIS-тің информатика пәні мұғалімі Галия Бегежева ғылыми жетекшілік етеді. Ол оқушыларға зерттеу жұмысын ұйымдастыруға, ғылыми материалдар әзірлеуге және медицина мамандарымен байланыс орнатуға көмектескен. Педагогтің айтуынша, Ұлағат бағдарламалық бөліктің негізгі жұмысын өз бетінше орындап, күрделі техникалық мәселелердің шешімін табуда бастамашылдығы мен табандылығын көрсеткен.
Ендігі мақсат – арнайы қондырғы мен веб-платформаны жетілдіріп, Ақмола облысындағы бес клиникада пилоттық жобаны іске қосу. Алдағы уақытта әзірлеушілер жүйені қажетті сынақтардан өткізіп, медициналық бұйым ретінде сертификаттауды және тәжірибеде қолдануға дайындауды жоспарлап отыр.