Қазақстанда су ресурстарын қорғау және су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру бағытындағы волонтерлік бастамалар кеңейтіледі. Осы мақсатта Су ресурстары және ирригация министрлігі мен «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев пен «Ұлттық волонтерлік желі» бірлестігінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк қол қойды.

Меморандум су нысандарын сақтауға, экологиялық волонтерлікті дамытуға және халық арасында су ресурстарын ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Ынтымақтастық аясында тараптар су ресурстарын қорғау, азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыру және су үнемдеу қағидаттарын насихаттау бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Атап айтқанда, Қазақстан өңірлерінде экологиялық акциялар өткізу, білім беру семинарлары мен тренингтер ұйымдастыру және волонтерлік қызметтің озық тәжірибелерін тарату көзделген.

Сонымен қатар меморандум шеңберінде тәжірибе алмасу, бірлескен іс-шараларға ақпараттық және ұйымдастырушылық қолдау көрсету жұмыстары жүргізілмек.

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев елімізде су саласына арналған алғашқы волонтерлік қозғалыс құрылғанын еске салды.

Оның айтуынша, министрліктің бастамасымен құрылған «Болашақтың қайнары» қозғалысына Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенттері қосылған.

Қозғалыс мүшелері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ұйымдастырылған «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясына қатысқан.

Іс-шара барысында волонтерлер бұлақтарды тазарту және қалпына келтіру, олардың айналасындағы аумақтарды абаттандыру, қоқыс жинау және көшет отырғызу жұмыстарын жүргізді.

– «Болашақтың қайнары» қозғалысының волонтерлері экологиялық іс-шараларға қатысумен қатар, су үнемдеу мәдениетін насихаттауды және халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруды да мақсат етіп отыр, – деді Талғат Момышев.

Вице-министрдің айтуынша, Ұлттық волонтерлік желімен ынтымақтастық орнату су ресурстарын сақтауға бағытталған қоғамдық бастамаларды дамыту жұмыстарының жалғасы болып саналады.

– Ұлттық волонтерлік желімен меморандумға қол қою – министрліктің экологиялық волонтерлікті дамыту бағытындағы жүйелі жұмысының жалғасы. Бұл құжат Қазақстанның су ресурстарын сақтауға бағытталған бастамаларға қоғам өкілдерінің қатысу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Жаңа келісім аясында волонтерлерді су нысандарын қорғауға, табиғи аумақтарды тазартуға және тұрғындар арасында суға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға кеңінен тарту жоспарланып отыр.

Тараптар бірлескен бастамалар арқылы су ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңызын түсіндіруді және Қазақстан өңірлеріндегі экологиялық волонтерлік қозғалысты дамытуды көздейді.