Бектенов «Самұрық-Қазынаның» 43,8 трлн теңгелік инвестициялық жобаларын бақылауды күшейтуді тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры директорлар кеңесінің отырысын өткізіп, ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын қарады. Үкімет басшысы бірқатар жобаның мерзімі бұзылғанын сынға алып, олардың уақытылы аяқталуын қатаң бақылауды тапсырды.
Отырыс барысында қордың 2026 жылдың тоғыз айындағы қаржылық және өндірістік көрсеткіштері, отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары және инвестициялық бағдарламалардың орындалуы талқыланды.
Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов есепті кезеңдегі қызмет нәтижелері туралы баяндады. Оның мәліметінше, тоғыз айда қордың кірісі 13 пайызға, ал таза пайдасы 19 пайызға өскен. Негізгі өндірістік көрсеткіштер бойынша жоспар орындалған.
Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» қоры жалпы құны 43,8 триллион теңгені құрайтын 69 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның 44-і бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, ал қалған жобалар іске асырудың түрлі кезеңдерінде.
Инвестициялардың басым бөлігі мұнай-газ өнеркәсібіне, мұнай-газ химиясына және дәстүрлі электр энергиясын өндіруге бағытталған. Сонымен қатар газ тасымалдау, энергетикалық инфрақұрылым, көлік және коммуникация салаларындағы жобалар қамтылған.
Отырыста қор жүзеге асырып жатқан бірқатар маңызды жобаның нәтижелері таныстырылды.

Атап айтқанда, 2026 жылғы қазанда Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы халықаралық деректер алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған ұзындығы 380 шақырым болатын талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылғаны атап өтілді.
Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры Гонконг қор биржасы мен «Астана» халықаралық биржасында жалпы сомасы 3 миллиард юань болатын облигацияларын алғаш рет орналастырған. Бұл халықаралық капитал нарықтарына қолжетімділікті кеңейтуге және қосымша инвестициялар тартуға бағытталған.
Көлік-логистика саласындағы маңызды жобалардың бірі – Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісі. Биыл қазан айында аталған бағыт арқылы қазақстандық көмір тиелген алғашқы жүк пойызы Өзбекстанға жөнелтілді.
Жаңа магистраль теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыруға, жүк тасымалын ұлғайтуға және қазақстандық өнімді Орталық Азия нарықтарына экспорттау мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған.
Директорлар кеңесінің отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау нәтижелері де қаралды.
2026 жылдың тоғыз айында қордың қазақстандық компаниялардан сатып алған тауарлары, жұмыстары мен қызметтерінің жалпы көлемі шамамен 1,4 триллион теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45 пайызға жоғары.
Сонымен қатар есепті кезеңде жасалған офтейк-келісімшарттардың көлемі 73 миллиард теңгеге жетті.
Қор әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстарды да жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, 2027–2028 жылдары Астана, Түркістан және Петропавл қалаларындағы бірқатар ірі медициналық нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған.
Бұдан бөлек, инклюзивті спорт, оңалту, білім беру және мәдениет салаларындағы жобаларды іске асыру көзделіп отыр.
Отырыс қорытындысында Олжас Бектенов инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мерзімдерінің бұзылуына байланысты қор мен оның еншілес компаниялары басшылығының жұмысын сынға алды.
Премьер-министр жобалардың белгіленген мерзімде орындалуын бақылауды күшейтуді және сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердегі жергілікті қамту үлесін арттыруды тапсырды.
Әсіресе, Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу, сондай-ақ газ өңдеу зауыттарын салу жобаларына ерекше назар аударылды.
Үкімет басшысы аталған нысандарды уақытылы пайдалануға беруді күшейтілген бақылауға алуды міндеттеді.
Бұл тапсырмалар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген ірі инвестициялық жобаларды уақытылы жүзеге асыру және инфрақұрылымды жаңғырту міндеттері аясында берілді.