Қазақстанда киберқылмыспен күресетін БҰҰ-ның өңірлік орталығын құру ұсынылды
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Астанада өткен халықаралық конференцияда киберқылмысқа қарсы күресті күшейту мақсатында БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының өңірлік орталығын құру бастамасын көтерді.
Жаңа орталықтың қызметі Қазақстан аумағымен ғана шектелмей, бүкіл Еуразия өңірін қамтуы көзделіп отыр.
Бастаманың негізгі мақсаты – трансұлттық киберқылмыстарға қарсы күресте мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру, ақпарат алмасуды жетілдіру және халықаралық деңгейде бірлескен талдау жұмыстарын жүргізу.
Ішкі істер министрі киберқылмыспен күресте жекелеген құқық бұзушылықтарды анықтаумен шектелмей, халықаралық қылмыстық желілердің жұмыс істеу тетіктерін кешенді зерттеу қажет екенін атап өтті.

– Бізге бірлескен талдау жұмысы қажет. Жекелеген қылмыстарды ғана емес, трансұлттық қылмыстық схеманы тұтастай көре білуіміз керек. Қылмыстық топтардың өзара қалай байланысатынын, ұрланған қаражаттың қалай қозғалатынын және қандай жаңа қауіп-қатерлер туындайтынын түсіну маңызды. Осы мәліметтер негізінде бірлескен шешімдер қабылдауымыз қажет, – деді министр.
БҰҰ басшылығы Қазақстанның өңірлік орталық құру жөніндегі бастамасына оң көзқарас білдірді.
Жоспарланып отырған орталықтың негізгі міндеттеріне киберқауіптерді терең талдау, мемлекеттер арасындағы тәжірибе алмасуды ұйымдастыру, трансұлттық қылмыстарды тергеу тәсілдерін жетілдіру және мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру кіреді.
Сонымен қатар орталықтың қызметі халықаралық қылмыстық топтардың байланыстарын анықтауға, заңсыз қаржы ағындарын зерттеуге және жаңа цифрлық қауіп-қатерлерге қарсы бірлескен шаралар әзірлеуге бағытталмақ.
Қазақстан ұсынған бастама Еуразия елдерінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға және азаматтардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.