Астанада киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтіп жатыр. Іс-шараға 27 шет мемлекеттің өкілдері қатысып, цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және трансұлттық қылмыстарға қарсы бірлескен шараларды күшейту мәселелерін талқылауда.

Конференцияны Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы мен Интерполдың қолдауымен ұйымдастырды.

Халықаралық кездесудің негізгі мақсаты – киберқылмысқа қарсы күресте мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, озық технологиялар мен тәжірибе алмасу және нақты практикалық шешімдер әзірлеу.

Жиын барысында трансұлттық киберқылмыстарға бірлесіп қарсы іс-қимыл жасау, цифрлық қауіпсіздік саласындағы халықаралық байланыстарды кеңейту және азаматтарды интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден қорғау мәселелеріне назар аударылып отыр.

Қазақстан бұл бағыттағы жұмыстарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында жүргізіп келеді.

Конференция Қазақстанға киберқылмысқа қарсы күрестегі өз тәжірибесін халықаралық серіктестерге таныстыруға және цифрлық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған жаңа бастамаларды ұсынуға мүмкіндік береді.

Іс-шараға қатысушы мемлекеттердің өкілдері киберқылмыстың трансұлттық сипатын ескере отырып, құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру жолдарын қарастыруда.

Халықаралық конференцияның қорытындысы киберқылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және азаматтардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталмақ.