Қазақстан мен Германия энергетика саласындағы серіктестікті дамыту перспективаларын қарастырды
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің өкілдері Германия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрлігі Азия және Тынық мұхиты өңірі департаменті басшысының орынбасары Йоахим Бертелемен кездесті.
Кездесу барысында тараптар энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Негізгі назар мұнай-газ саласындағы әріптестікке, дәстүрлі энергетикаға, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және жасыл сутегі өндірісіне аударылды.

Жаңартылатын энергия көздері бағытындағы бірлескен жұмыс аясында Германияның Goldbeck Solar GmbH және Solarnet Investment GmbH компанияларымен жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Сонымен қатар тараптар осы саланы дамыту, озық технологияларды енгізу және энергетикалық көшу бойынша тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Келіссөздерде жасыл сутегі саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше көңіл бөлінді. Қазақстандық тарап Германияның ғылыми-зерттеу институттарымен және технологиялық компанияларымен жүргізіліп жатқан өзара іс-қимыл жөнінде ақпарат берді.
Атап айтқанда, Reiner Lemoine Institut-пен су ресурстары туралы деректерді цифрландыру, сутегі энергетикасы бойынша зерттеулер жүргізу және сарапшылық тәжірибе алмасу бағыттарында жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ Linde компаниясымен көмірқышқыл газын ұстау, пайдалану және сақтау (CCUS) технологиялары бойынша ықтимал ынтымақтастық мәселелері қарастырылуда.
Бұдан бөлек, Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен Астана қаласында қызмет ететін Сутегі дипломатиясы офисінің жұмысы сөз болды. Германия тарапы Қазақстанмен сутегі энергетикасы бағытындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады. Сонымен қатар еліміздің жасыл сутегін өндіру және пайдалану әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, осы бағытта технологиялар мен инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығына тоқталды.