Петропавлда 5,9 млрд теңгеге жаңа жедел жәрдем стансасы салынады
Петропавл қаласында жедел және шұғыл медициналық жәрдем стансасының жаңа ғимараты салынады. Жобаны жүзеге асыруға Инфрақұрылымды дамыту қорынан 5,9 миллиард теңге бөлінді. Оның шамамен 800 миллион теңгесі заманауи медициналық жабдықтар сатып алуға бағытталады.
Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту және өңірлердегі медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатыр.
Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысының жедел медициналық жәрдем стансасы Петропавл қаласындағы 22 бригаданың және ауылдық жерлердегі 14 бөлімшенің жұмысын үйлестіреді.

Олар өңірдегі 510 мыңнан астам тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Әр бригада тәулігіне орта есеппен 16 шақыртуға шығады. Ал жыл сайын тіркелетін шақыртулар саны 100 мыңнан асады.
Жаңа медициналық кешен жалпы аумағы 1,5 гектар болатын жер телімінде орналасады. Оның құрамына төрт қабатты негізгі ғимарат, заманауи цифрлық диспетчерлік қызмет, симуляциялық орталық және санитариялық автокөліктерге арналған инфрақұрылым кіреді.
Атап айтқанда, 20 санитариялық автокөлікке арналған жылы гараж, көлік жуу орны мен жөндеу шеберханасын салу жоспарланған.
Сонымен қатар ғимаратта медициналық жабдықтарды, арнайы техниканы және дәрілік заттарды сақтауға арналған бөлмелер қарастырылады.
Дәрілік препараттардың сапасын сақтау мақсатында станса арнайы температуралық режимді қамтамасыз ететін «суық тізбек» жабдықтарымен жарақтандырылмақ.
Жаңа стансаның маңызды ерекшеліктерінің бірі – цифрлық диспетчерлік қызметтің енгізілуі.
Заманауи жүйе жедел жәрдемге келіп түскен қоңырауларды жылдам өңдеуге, шақыртулардың басымдығын анықтауға және медициналық бригадаларды қажетті мекенжайларға жедел бағыттауға мүмкіндік береді.
Бұл өз кезегінде шұғыл шақыртуларға жету уақытын қысқартуға және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің жеделдігін арттыруға бағытталған.

Жаңа ғимаратта медицина қызметкерлерінің кәсіби даярлығын жетілдіруге арналған симуляциялық орталық та жұмыс істейтін болады.
Мұнда мамандар шұғыл жағдайларда медициналық көмек көрсету дағдыларын тәжірибелік жаттығулар арқылы жетілдіре алады.
Ал жылы гараждар санитариялық автокөліктердің, әсіресе қыс мезгілінде, тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасамақ.
Құрылыс жұмыстарын 2027 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланып отыр.
Жалпы, Қазақстанда денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа медициналық мекемелер салу жұмыстары жалғасуда.
2026 жылы елімізде 50-ге жуық денсаулық сақтау нысанының құрылысына 108 миллиард теңге бөлінген.
Олардың қатарында Қызылорда және Өскемен қалаларындағы 300 төсектік көпсалалы ауруханалар, Атырау облысындағы емханалар, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының Бескөл ауылындағы және Талдықорған қаласындағы амбулаториялық кешендер бар.
Сонымен қатар Өскеменде заманауи Гематология орталығы пайдалануға берілді.
Петропавлдағы жаңа жедел жәрдем стансасының құрылысы аяқталғаннан кейін медициналық бригадалардың жұмысын үйлестіруді жетілдіруге, шұғыл көмек көрсету уақытын қысқартуға және Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік туады.