Қазақстанда шетелдік мамандарды жұмысқа тарту тәртібін өзгерту мәселесі талқыланды
Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін жетілдіру, жоғары білікті мамандарға визалық қолдау көрсету және еңбек заңнамасына өзгерістер енгізу мәселелері талқыланды. Бұл бағыттағы бастамалар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен жұмыс кездесуінде қаралды.
Жиын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі Жұмыс тобының тең төрағалары арасында ұйымдастырылды.
Кездесуге Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев және Жұмыс тобының шетелдік тараптан жаңа тең төрағасы, «Эр Ликид Мунай Тех Газы» ЖШС бас директоры Габриель Константин қатысты.
Іс-шара барысында Габриель Константин Жұмыс тобының жаңа тең төрағасы ретінде таныстырылды.

Тараптар еңбек нарығын реттеу, халықты жұмыспен қамту және көші-қон салаларында жүзеге асырылып жатқан бастамалар мен реформаларды талқылады.
Атап айтқанда, Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін жетілдіруге бағытталған заңнамалық өзгерістерге ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар жоғары білікті шетелдік мамандарға, инвесторлар мен кәсіпкерлерге визалық қолдау көрсету мәселелері қарастырылды.
Кездесу барысында еңбек заңнамасына енгізу жоспарланған өзгерістер мен тәлімгерлік институтын құқықтық реттеу тетіктері де талқыланды.
Қатысушылар еңбек және көші-қон салаларындағы заңнамалық бастамаларды әзірлеу кезінде мемлекеттік органдар мен шетелдік бизнес өкілдері арасында тұрақты диалог орнатудың маңызын атап өтті.

Мұндай өзара іс-қимыл ұсынылатын өзгерістерді жан-жақты талқылауға және оларды әзірлеу барысында инвесторлар мен жұмыс берушілердің пікірін ескеруге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында тараптар еңбек, жұмыспен қамту және көші-қон заңнамасын жетілдіру бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Аталған бастамалар Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсартуға, еңбек қатынастарын реттеу тетіктерін жетілдіруге және ел экономикасының орнықты дамуына жағдай жасауға бағытталған.
Бұл ретте талқыланған заңнамалық өзгерістер әзірге бастама ретінде қарастырылып отыр. Оларды қабылдау жөніндегі нақты шешімдер туралы ақпарат берілген жоқ.