Алматы облысында 2140 метр биіктікте жаңа туристік кешен ашылды
Алматы облысындағы «Ой-Қарағай» тау-курортында Қазақстандағы ең биік туристік нысандардың бірі пайдалануға берілді.
«Ақтас» шыңында орналасқан жаңа кешен 2140 метр биіктікте бой көтерген.

Оның құрамына мейрамхана, іскерлік кездесулер өткізуге арналған конференц-зал және демалушыларға арналған қонақүй кіреді.
Құрылыс жұмыстары екі жыл бойы жүргізілді.
Жобаға 58 млрд теңге инвестиция салынды.
Жаңа кешен аясында сноуборд пен шаңғы тебуге арналған аумақ 28 шақырымнан 38 шақырымға дейін ұлғайтылды.

Сондай-ақ елімізде алғаш рет 10 және 6 орынды аспалы жол іске қосылды.
Осылайша, Алматы облысында халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа туристік нысан демалушыларды қабылдай бастады.
Өткен жылы «Ой-Қарағай» тау-курортына 660 мыңнан астам турист келген.



Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 20 пайызға артқан.
«Ой-Қарағай» тау-курортының PR бөлімінің басшысы Максим Козловтың айтуынша, қазіргі уақытта кешенде 350 адамға арналған үлкен конференц-зал мен мейрамхана жұмыс істеп тұр.
– Бұл әртүрлі бағыттағы қызық шараларды өткізуге өте қолайлы. Сонымен қатар меймандарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін, 7 бөлмеден тұратын қонақүйіміз бар.
Оның сөзінше, қысқы спорт түрлеріне арналған жолдардың ұзартылуы және екі аспалы жолдың салынуы туристер санын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді.
Максим Козлов бүгінде демалыс аймағына Қазақстаннан бөлек, Ресей, Үндістан, Қытай және Парсы шығанағы елдерінен келетін қонақтар саны артып отырғанын айтты.
Ол бұған Алматы облысы әкімдігінің туризм саласында өзге елдермен жасаған меморандумдары ықпал етіп отырғанын атап өтті.
Қазіргі таңда Алматы облысының туризм саласында жалпы құны 638,2 млрд теңге болатын 30 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.
Өткен жылы Үкімет қаулысымен «2025-2029 жылдарға арналған Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспары» бекітілді.
Оған сәйкес өңірде 6 негізгі бағыт бойынша 15 жобаны іске асыру көзделген.
Жаңа туристік кешен Алматы облысының тау туризмін дамытуға, халықаралық туристер ағынын арттыруға және өңірдің инвестициялық әлеуетін күшейтуге бағытталған жобалардың бірі болып отыр.