Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильда Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Алматыдағы Ядролық физика институтына барды.

Мәртебелі меймандарға Қазақстан мен Бельгияның ғылыми ұйымдары және компаниялары арасындағы ынтымақтастық нәтижелері таныстырылды.

Атап айтқанда, бірлескен зерттеулер, онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеуге арналған радиофармацевтикалық препараттарды өндіру бағыттары көрсетілді.

Сапар барысында қонақтар институттың ғылыми және өндірістік инфрақұрылымымен, жаңа Cyclone-18/9 циклотрондық қондырғысымен және ССР-Қ зерттеу реакторының жұмысымен танысты.

Фото: Gov.kz

Ядролық медицинаны дамытуға және қазақстандық-бельгиялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Серіктестіктің негізгі нәтижелерінің бірі – бельгиялық IBA компаниясының 2014 жылы Cyclone-30 циклотронын жеткізуі.

2019 жылдан бастап аталған қондырғыда ПЭТ диагностикасына қолданылатын «Фтордезоксиглюкоза F-18» радиофармацевтикалық препараты өндіріліп келеді.

Осы уақыт ішінде институт 63 мыңнан астам пациентті медициналық тексеруден өткізуге жететін препарат көлемін өндірген.

Сонымен қатар Cyclone-30 қондырғысында өнеркәсіптік мақсатта қолданылатын кобальт-57 радиоизотопы өндіріледі. Бұл өнім Германия, АҚШ, Франция және Ресейге экспортталады.

Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев бельгиялық циклотронның елдегі ядролық медицина инфрақұрылымындағы рөліне тоқталды.

Фото: Gov.kz

– Ядролық физика институтында орнатылған бельгиялық циклотрон Қазақстанның ядролық медицина инфрақұрылымында айрықша рөл атқарады және әлеуметтік маңызы бар радиофармацевтикалық препараттарды өндіру үшін қолданылады.

Оның айтуынша, бұл жоба халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың практикалық маңызын көрсетеді.

Сондай-ақ ол ерте диагностикалау мүмкіндіктерін кеңейтуге және заманауи медициналық көмек көрсету әдістерінің қолжетімділігін арттыруға үлес қосып отыр.

ССР-Қ зерттеу реакторы мен Cyclone-30 циклотроны базасында медициналық радиоизотоптар шығарылады.

Олардың негізінде институтта онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалауға, сондай-ақ қалқанша безі ауруларын, оның ішінде онкологиялық ауруларды емдеуге арналған радиофармацевтикалық препараттар өндіріледі.

Қазіргі уақытта Қазақстанның медициналық орталықтарына үш радиофармпрепарат жеткізіледі.

Олардың қатарында йод-131 мен молибден-99 негізіндегі препараттар бар.

Сонымен қатар институт өзі әзірлеп, патенттеген технология бойынша технеций-99m генераторларын шығарады.

Радиофармацевтикалық препараттар өндірісі халықаралық GMP стандарты талаптарына сәйкес ұйымдастырылған.

Институттың бельгиялық серіктестермен ғылыми ынтымақтастығы бірлескен зерттеулер жүргізуді, мамандар даярлауды және ғылыми-техникалық тәжірибе алмасуды қамтиды.

2022 жылы MYRRHA жобасы аясында Бельгияның SCK CEN ядролық зерттеулер орталығымен ынтымақтастық орнату перспективалары талқыланды.

Ұлттық радиоэлементтер институтымен радиоэкология саласындағы өзара іс-қимылды көздейтін ынтымақтастық туралы келісім жасалды.

Ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – актиний-225 радиоизотопын өндіру технологиясын игеру.

13 қазанда Ректорлар форумы аясында Ядролық физика институты мен Гент университеті арасында меморандумға қол қойылды.

Бұл құжат халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.

Фото: Gov.kz

Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиевтің айтуынша, Гент университетімен жасалған меморандум серіктестіктің жаңа кезеңін айқындайды.

– Бірлескен жұмыстардың негізгі бағыттарының бірі – Қазақстан, Бельгия және Корея Республикасы мамандарының қатысуымен суды тазартуға арналған радиациялық технологияларды әзірлеу.

Оның сөзінше, тараптар халықаралық бірлескен зерттеулер жүргізуге, ядролық медицинаны дамытуға, жас мамандарды оқытуға және тәжірибе алмасуға мүдделі.

Институт ғалымдары Гент университетімен және оның ғаламдық кампусымен бірлесе отырып, суды органикалық ластағыштардан, соның ішінде антибиотиктерден фотокатализдік әдіспен тазарту жолдарын зерттеп жатыр.

Зерттеу аясында Сорбұлақ су қоймасынан алынған ағынды сулардың құрамы зерттеліп, маусымдық өзгерістердің тазарту тиімділігіне әсері бағаланады.

Жүргізілген жұмыстардың алғашқы нәтижелері алынып, бірлескен ғылыми мақала жарияланған.

Кездесу барысында IBA SA бас директоры Оливье Легран, Гент университетінің ректоры Петра Де Суттер, Trasis компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті Эммануэль Бертран және UC Louvain ректоры Франсуа Смэт сөз сөйледі.

Олар медицина мен өнеркәсіпке арналған радиоизотопты өнімдерді өндіруге қажетті жабдықтарды жеткізу және ғылыми зерттеулер саласындағы жобалар мен ынтымақтастық перспективаларын таныстырды.

Экскурсия кезінде Бельгия Королі мен Патшайымына Ядролық физика институтының радиофармацевтикалық препараттар өндірудегі мүмкіндіктері және өндіріс көлемін ұлғайту жоспарлары көрсетілді.

Фото: Gov.kz

Үдеткіш технологиялар бөлімі бастығының орынбасары Александр Сильнягин Cyclone 18/9 циклотрондық қондырғысы туралы баяндады.

Қондырғы биыл мамыр айында институт игілігіне беріліп, Алматыға жеткізілген.

Мамандар оның алдын ала құрастыру жұмыстарын орындап, негізгі жүйелерін қосқан, техникалық қызмет көрсету мен бастапқы сынақтар жүргізген.

Алдағы уақытта қондырғыны толық пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Бұл онкологиялық және басқа да ауруларды ПЭТ диагностикасы арқылы анықтау үшін фтор-18 мен фтордезоксиглюкоза радиофармацевтикалық препаратын тұрақты өндіруге мүмкіндік береді.

Cyclone 18/9 қондырғысын іске қосу радиофармпрепараттар өндірісінің көлемін ұлғайтып, олардың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуге және қолданыстағы Cyclone 30 циклотронына түсетін жүктемені азайтуға жағдай жасайды.

Жаңа қондырғы сұранысқа ие басқа радиоизотоптарды өндіру мүмкіндігін де кеңейтеді.

Қазіргі уақытта институт кобальт-57 изотопын өндіреді.

Сондай-ақ ядролық медицинада қолданылатын германий-галлий генераторларына арналған германий-68 изотопын өндіруді дамыту жоспарланған.

Ұзақ мерзімді перспективада актиний-225 радиоизотопын өндіру технологиясын игеру көзделіп отыр.

ССР-Қ зерттеу реакторына сапар барысында институт бас директорының орынбасары Асхат Бекбаев қондырғының тарихи кезеңдері мен оны ғылыми зерттеулерде, қолданбалы міндеттерді шешуде және радиоизотоптық өнімдер шығаруда қолдану барысын таныстырды.

Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов Қазақстанда атом электр станциясын салу жоспарлары туралы ақпарат беріп, институттың ядролық сала мамандарын даярлайтын оқу базасы ретіндегі маңызын атап өтті.

Сапар ядролық медицина, ғылыми зерттеулер және мамандар даярлау бағытындағы Қазақстан–Бельгия ынтымақтастығын дамытудың маңызын көрсетті.

Бірлескен жобалар Қазақстанның ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтуға, отандық радиофармацевтикалық препараттар өндірісін дамытуға және ядролық медицинаның мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.