Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» бірінші бизнес-саммитінде сөз сөйледі.

Фото: akorda.kz

Президент саммитке қатысушыларға ілтипат білдіріп, Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысты жан-жақты дамыту ниетін жоғары бағалайтынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әлемдегі геосаяси шиеленіс жаһандық сауда мен экономикалық тұрақтылыққа айтарлықтай қатер төндіріп отыр. Мұндай жағдайда мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен сенім ұзақмерзімді әрі табысты бизнес-серіктестіктің негізгі факторларының біріне айналады.

– Бұл Қазақстанға да қатысты. Біз Корея Республикасымен ықпалдастықты ілгерілетуге бейілміз. Мемлекетіңізге, оның байырғы дәстүрлері мен мәдениетіне зор құрметпен қараймыз. Орталық Азияда табиғи ресурстардың мол қоры бар. Жаңа ғана Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң мырза айтып өткендей, аймақта тұтыну нарығы ұлғайып, халық саны артып келеді.

Мемлекет басшысы өткен жылы Орталық Азия елдерінің жиынтық ішкі жалпы өнімі 550 миллиард долларға жуықтап, өсім 6 пайыздан асқанын айтты. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары.

Президенттің сөзінше, сауда-экономикалық байланыстың нығаюы және көлік саласындағы ықпалдастықтың кеңеюі аймақты инвестициялық тұрғыдан тартымды ете түседі.

– Осы артықшылықтарды Кореяның өндірістік, технологиялық және қаржылық мүмкіндіктерімен ұштастыру өзара тиімді әрі перспективті ынтымақтастыққа жол ашады. «Ортақ мақсаттарға қол жеткізу жолында ресурс біріктіру» формуласына сай күш жұмылдырсақ, сан қырлы серіктестігімізді мүлдем жаңа әрі сапалы деңгейге шығара аламыз деп ойлаймын. Қазақстан осы маңызды міндетті еңсеру үшін өз әлеуетін толық пайдалануға дайын.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияның жиынтық ішкі жалпы өнімінің шамамен 60 пайызы және аймаққа шетелден тікелей тартылатын инвестицияның 70 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, сапар аясында Қазақстан мен Корея арасында жалпы сомасы 19 миллиард долларға жуықтайтын 80-дей коммерциялық келісімге қол қойылды.

– Бұл – құрғақ мәлімдеме немесе қазіргі тілмен айтқанда, қағаз жүзінде қалатын мәміле емес, іске асатын нақты жоспарлар. Қалай болғанда да Үкімет бизнес-жобалардың уақтылы орындалуын жіті қадағалайды.

Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметі бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін корей кәсіпкерлеріне жан-жақты қолдау көрсететінін айтты. Осы мақсатта Қазақстан мен Кореяның сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының 2027-2030 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы әзірленеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде инвестициялық ахуалды жақсарту және шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау жұмысы жалғасып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бизнес бастауға ниетті инвесторларға артықшылықтар ұсынатын Altyn Visa бағдарламасының енгізілуі осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі саналады.

Мемлекет басшысы бірлескен жобаларды іске асыруға әлеуеті зор бағыттарға тоқталып, өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды негізгі басымдықтардың бірі ретінде атады.

– Қазіргі уақытта Қазақстан мен Корея құны 4 миллиард доллардан асатын 51 жобаны жүзеге асырып жатыр. Былтыр елімізде 170 мыңнан астам автокөлік шығарылып, өндіріс көлемі шамамен 18 пайызға өсті. Оған Hyundai мен Kia зауыттары үлкен үлес қосты.

Фото: akorda.kz

Президент бұл жобалар өндірісті жергіліктендіруді арттыруға және қосылған құны жоғары технологиялық өнімдер шығаруға берік негіз қалайтынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды материалдар саласындағы серіктестікке де назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстан минералдар мен сирек кездесетін металдар кеніне бай.

Мемлекет басшысы Қазақстан Корей Үкіметі стратегиялық басымдыққа ие ресурстар деп таныған мыс, хром, титан және басқа да элементтерді өндіретінін айтты. Ал Кореяның озық технологияларды дамытуда мол тәжірибесі бар.

– Осыны ескеріп, геологиялық барлау, кен игеру, аса маңызды материалдарды терең өңдеуге қатысты толық циклді инвестициялық жобалардың тізімін жасақтауды ұсынамын.

Президент көлік байланысын кеңейту мәселесін де өзекті бағыттардың бірі ретінде атады. Оның сөзінше, Орталық Азияның географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы Еуразияның көлік-логистика жүйесін нығайтуға мол мүмкіндік береді.

Бұл бағытта Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы ерекше. Оның басым бөлігі Қазақстан аумағымен өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтық тасымалдың шамамен 85 пайызы аталған бағытқа тиесілі.

Өткен жылы Орта дәліз бойымен контейнерлік тасымал көлемі 36 пайызға өскен. Биылғы 8 айда өсім шамамен 18 пайызды құрады. Алдағы екі жылда бағыттың өткізу қабілетін 6 миллион тоннадан 10 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Президент корей компаниялары осы бағыт бойындағы инфрақұрылымдық жобаларды ілгерілетуге қатыса алатынын айтты. Қазақстан Үкіметі корей серіктестеріне арналған инвестициялық жобалар портфелін әзірлеп жатыр.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін атап өтті.

– Елімізде салалық министрлік құрылды, Alem.ai халықаралық орталығы ашылды, екі суперкомпьютер іске қосылды. Цифрландыру және жасанды интеллект жылын жариялау осы саланың дамуына тың серпін берді.

Фото: akorda.kz

Президенттің айтуынша, Қазақстанда қуаты 1 гигаватт болатын «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру жобасы іске асырылып жатыр. Сонымен қатар алғашқы арнаулы университет – Qazaq AI Research University маман даярлауға кірісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев технологиялық серіктестікті жаңа деңгейге шығару үшін Астанадағы Alem.ai базасында «Орталық Азия – Корея» озық технологиялар орталығын құруды ұсынды.

Ауыл шаруашылығы саласы да саммиттің күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы былтыр Қазақстан рекордтық көлемде, яғни шамамен 27 миллион тонна астық жинағанын мәлімдеді.

Фото: akorda.kz

Президенттің айтуынша, Қазақстанның агроөнеркәсіп өнімдері әлемнің 70-тен астам еліне жеткізіледі, ал экспорт көлемі 7 миллиард долларға жетті. Осы ретте ол Қазақстанның жер ресурстары мен Кореяның ауыл шаруашылығына жоғары технология енгізу тәжірибесін біріктіруді ұсынды.

– Бәсекеге қабілетті артықшылықтарымызды біріктіріп, тамақ өнеркәсібінде бірлескен кластер құруды ұсынамын. Аталған кластердің қызметі өндіріске, терең өңдеуге және өнімді сыртқы нарыққа экспорттауға бағытталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан корей компанияларына үлкен нарық ұсынып қана қоймай, өндіріс орындарын ашуға, технологияларды енгізуге және Еуразия нарығына шығуға мүмкіндік беретінін айтты. Оның пікірінше, бұл корей бизнесінің көкжиегін кеңейтіп, тұтас Орталық Азияға мультипликативті әсер береді.

Президент аймақтың экономикалық табысын елдердің орнықты дамуынан бөлек қарауға болмайтынын атап өтті.

– Орталық Азияның өзара байланысын нығайту өңірдің экономикалық әлеуетін толық танытады, халықаралық бизнеске жол ашып, ауқымды бірлескен жобаларды іске асыруға тың серпін береді. Әлемде технологиялық және экономикалық тұрғыдан көшбасшы саналатын Корея Республикасымен ынтымақтастықты тереңдету осы мақсаттарға жедел қол жеткізуге ықпал етері сөзсіз.

Іс-шара барысында Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев те сөз сөйледі.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz