Астанада әке мен үш ұлы қала тазалығына бірге үлес қосып жүр
Фото: Gov.kz
Астананың тазалығы мен көркеюіне күн сайын үлес қосып жүрген Темірхан Пірімбеттің еңбек жолын бүгінде үш ұлы жалғастырып келеді.
«Астана Тазалық» компаниясында арнайы техника жүргізетін Темірхан Пірімбет балаларын адал еңбекке баулып, өз тәжірибесімен бөлісіп келеді. Бір отбасының бірнеше мүшесінің коммуналдық салада еңбек етуі әке жолының ұрпаққа жалғасқанын көрсетеді.
Темірхан Пірімбеттің жұмыс күні таңғы сағат 6:00-де басталады. Ол алдымен мекеме ғимаратына барып, жұмысқа шығар алдында қажетті тексерістен өтеді. Оның айтуынша, еңбек қауіпсіздігі мен жауапкершілік қызметкердің денсаулығын бақылаудан басталады.
Темірхан Пірімбет Mercedes-Benz Unimog 400 техникасын жүргізеді. Бұл көлік қала тазалығында бірнеше міндетті қатар атқара алатын әмбебап техника саналады.
– Мен жүргізетін Mercedes-Benz Unimog 400 – өте қолайлы әрі әмбебап техника. Оның ерекшелігі – жыл мезгіліне қарай түрлі жұмысқа бейімделеді. Жазда көшелерге су шашып, жолдар мен қоғамдық аумақтарды тазалауға пайдаланамыз. Ал қыс келгенде сол техника қар күреу жұмысына жұмылдырылады. Сондықтан бұл техниканың елорда тазалығын қамтамасыз етудегі орны ерекше.
Күнделікті жұмыс бағыты берілген тапсырмаға байланысты белгіленеді. Темірхан Пірімбет алдымен Шарбақты көшесіндегі су бекетінен су алып, кейін Сарайшық ауданындағы көшелерге жол тартады. Онда көшелер тазартылып, жол жабындары жуылады.
Оның сөзінше, коммуналдық саладағы жұмыс жылдың әр мезгілінде өзіндік қиындыққа ие. Жаздың ыстығында да, қыстың суығында да қала тазалығын қамтамасыз ету жұмыстары тоқтамайды.
– Әр мезгілдің өз қиындығы, өз ерекшелігі бар. Жаздың ыстығында да, қыстың суығында да жұмыс тоқтамайды. Әсіресе Астананың қысы оңай емес. Аязды күндері далада техникамен жұмыс істеудің өзіндік қиындығы болады. Қыстың суық кезеңінде жұмысшыларға ерекше жағдай жасалады. Бізді ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Бұл – еңбек адамына көрсетілетін қамқорлық. Осындай қолдау жұмысшыларға күш береді.

Фото: Gov.kz
Бүгінде Темірхан Пірімбеттің үш ұлы да әке жолын жалғап келеді. Олар әкесінен көрген тәжірибе мен еңбекке деген жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған.
– Менің үш ұлым бар, үшеуі де менің еңбек жолымды жалғап келеді. Әрине, әке ретінде бұл – мен үшін үлкен мақтаныш. Балаларым әрқашан менен ақыл-кеңес сұрап отырады. Кейде техникаларында қандай да бір мәселе немесе ақау шығып жатса, хабарласып, пікірімді сұрайды. Өзім білген тәжірибеммен бөлісіп, қолдан келгенше бағыт көрсетемін.
Темірхан Пірімбет әкенің міндеті тек жұмысқа қатысты кеңес берумен шектелмейтінін айтады. Ол күнделікті кешкі уақытта дастархан басында ұлдарының жұмысы қалай өтіп жатқанын сұрап, қандай қиындыққа тап болғанын тыңдауға тырысады.
– Өйткені еңбек адамына қолдау да, ақыл да қажет. Балаларыма әрдайым еңбекті адал атқаруды, өз ісіне жауапкершілікпен қарауды айтып отырамын.
Оның айтуынша, қала тазалығы – тек қызметтік міндет емес, азаматтық жауапкершілік. Сондықтан әр тұрғын өз ауласына, көшесіне және қаласына жанашырлықпен қарауы керек.
– Халқымыз «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» дейді. Бұл өте дұрыс айтылған сөз. Тазалықты біреуден талап етпес бұрын, ең алдымен өзімізден бастауымыз керек. Таза орта денсаулықтың да, мәдениеттің де көрсеткіші.
Темірхан Пірімбет жұмыла атқарылған істің нәтижесі қашанда жоғары болатынын атап өтті. Оның пікірінше, қала тұрғындары тазалыққа жауапкершілікпен қарап, коммуналдық қызметкерлердің еңбегін бағаласа, бұл елорданың көркеюіне қосылған ортақ үлес болмақ.

Фото: Gov.kz
Еңбек күні – өз ісіне адал жандардың маңдай теріне құрмет көрсететін мереке. Таңғы сағат алтыда жұмысын бастап, ауа райының кез келген жағдайында елорда көшелерінің тазалығы үшін еңбек ететін Темірхан Пірімбеттің отбасы кәсіптің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатынын дәлелдейтін жарқын мысал.