Елордада өткен кешке қазақ эстрадасының танымал өкілдері Светлана Айтбаева, Дәурен Сейітжанов, Аида Байгелова, Арайлым Ыбыраева, Мұратбек Хайролда, Өзгеріс Шерікбай қатысты. Сонымен қатар кеш иесінің қызы, талантты музыкант Шолпан Шарапат өнер көрсетті. Бірнеше әндерін автордың өзі де орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Концертте Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының солистері: Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, сондай-ақ Абыл Тарақұлы атындағы Маңғыстау филармониясының әншісі — Аида Байгелова, талантты әнші, халықаралық конкурстардың лауреаты Арайлым Ыбыраева өз өнерін ортаға салды.
Жас әнші Нұржас Садырбаев пен Астана Жас көрермендер театры орындауындағы “Жан ана” ораториясы көрерменді ерекше тебірентті.
Сонымен қатар сазгер сезімінен туған әндердің асқақтауы мен әуелеуіне дем берген режиссер, музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемеров болды. Музыкалық жас көрермен театрының әртістері де әдеби-музыкалық композициямен концерттің басынан аяғына дейін сүйемелдеп, кешке айрықша ажар берді.
Кеш толығымен табиғи дауыста өріліп, белгілі музыкант Әділжан Толықбаевтың жетекшілігінде көпке өнерін паш етіп жүрген “Saz&Soul” тобының сүйемелдеуімен өтті.
Кешке «Қазақстан» ұлттық арнасы ақпараттық қолдау көрсетсе, Қазақстанның еңбек Ері Бақтықожа Ізмұхамбетов, Шыңғыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Гүлшара Наушақызы кеш иесіне демеушілік жасағандардың қатарынан көрінді.
Концерт соңында кеш иесі келген көрермендер мен кештің өтуіне қолдау көрсеткен ҚР Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаеваға және Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына, өзге де азаматтарға ақжарма алғыс айтты.
Қазақ руханиятына толымды үлес қосқан ерекше дарын иесі — Елена Әбдіхалықованың шығармашыл әлеуеті шарықтап, ғұмыр жасы ұзақ болсын деп тілейміз.
фото: jurtmedia.kz
Дастан ҚАСТАЙ
ELORDA MEDIA