Астанада заңсыз салынған көлік жуу орны бұзылады
Фото: Gov.kz
Астананың Байқоңыр ауданындағы Тараз көшесінде заңсыз салынған көлік жуу орнын бұзу жұмыстары басталды.

Фото: Gov.kz
Нысан рұқсат құжаттарынсыз және көлік жуу орнына арналмаған аумақта салынған. Сонымен қатар ол тұрғын үйлердің маңында орналасып, тұрғындарға қолайсыздық тудырған.
Бұған дейін елорданың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау инспекторлары заңсыз нысан иесіне анықталған заң бұзушылықтарды жою қажеттігі туралы хабарлаған. Алайда меншік иесі бұл талаптарды орындамаған.
Астана қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы Өміржан Керейханның айтуынша, аталған нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
– Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы аталған нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесі бойынша нысан иесіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Нұсқама орындалмағандықтан, басқарма нысанды бұзу туралы сотқа талап арыз берді.

Фото: Gov.kz
Сот талқылауы сегіз айға созылып, нәтижесінде нысанды бұзу туралы шешім шығарылды.
Қазіргі уақытта басқарма 341 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтарды жою туралы 182 нұсқама берген. Сондай-ақ жалпы сомасы 265 млн теңгеден асатын 702 әкімшілік айыппұл салынды.
Қала тұрғындарына сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заң талаптарын сақтау қажеттігі ескертіледі. Заң талаптарын сақтамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.