Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.

Құжатқа сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппараты туралы ереже бекітіліп, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы орынбасарының өкілеттіктері айқындалды.

Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппаратына жаһандық сын-қатерлерге және ішкі ахуалдың өзекті аспектілеріне жан-жақты талдау жүргізу міндеті жүктелді.

Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы орынбасарының құзырына Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының актілері мен тапсырмаларының, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі шешімдерінің мүлтіксіз әрі толық орындалуын бақылау кіреді. Бұл қатарға Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырыстарында қабылданған шешімдер де жатады.

Сонымен қатар ол ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елдің қорғаныс қабілетін арттыру, заң мен тәртіпті сақтау салаларындағы іс-шараларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіреді.

Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары ақпараттық және киберқауіпсіздік, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану, дербес деректерді қорғау, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ азаматтық қорғаныс мәселелерімен айналысады.

Бұдан бөлек, ол аталған бағыттардағы шараларды іске асыратын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіріп, халықаралық байланыстар орнатады және Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының жұмысын ұйымдастырады.

Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты дербес мемлекеттік орган ретінде Президентке тікелей бағынады және есеп береді.

Орган ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бақылау ісін жетілдіру және күшейту, мемлекетті басқарудың орнықтылығын қамтамасыз ету, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы мен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметіне институционалдық қолдау көрсету және олардың шешімдерін орындау шараларымен айналысады.

Бұл міндеттер Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, халықаралық аренадағы ұлттық мүдделерін және конституциялық жүйенің негіздерін сақтауға бағытталған.