Астанаға жыл басынан бері 352 мың турист келген
Астанада туристер саны артып, елорданың туристік әлеуеті нығайып келеді. 2026 жылдың алғашқы үш айында қалаға 352 мың турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға көп.
Келген туристердің 68 мыңы – шетелдік қонақтар. Қалаға турист тартуда ірі халықаралық және іскерлік іс-шаралар да маңызды факторға айналып отыр.
2026 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша қонақ үйлер көрсеткен қызметтер көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 21%-ға артқан.
Қала қонақтарының ыңғайлылығы үшін елордада 129 жаяу жүргіншілер көрсеткіші және Visit Astana ресми туристік порталына бағыттайтын QR-кодтары бар 93 ақпараттық пилон орнатылды. Бұл портал арқылы туристер Астана, оның көрікті жерлері мен туристік нысандары туралы қажетті ақпарат ала алады.

Сондай-ақ қалада 2 туристік-ақпараттық дүңгіршек және 5 Taxi Point терминалы жұмыс істейді.
Қаламен өз бетінше танысқысы келетін туристер үшін 8 тілдегі аудиогидтермен жабдықталған Red Bus экскурсиялық автобусы қатынайды. Қазір елордада туристер бара алатын 100-ден астам нысан бар. Бұдан бөлек, қала қонақтарына экскурсия өткізетін 140-тан астам кәсіби гид жұмыс істейді.
Астанада қолжетімді туризмді дамытуға да ерекше назар аударылып отыр. Қалада 5 инклюзивті туристік маршрут әзірленді. Өткен жылы елорда ТМД елдері арасында Еуропалық қолжетімді туризм желісінің алғашқы мүшесі атанды.
Жыл сайын іскерлік және оқиғалық іс-шаралар саны да артып келеді. 2026 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша өткізілген іс-шаралар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өскен. 2025 жылдың 7 айында 858 іс-шара өткізілсе, 2026 жылдың 7 айында бұл көрсеткіш 957-ге жетті.
Биыл елордада бірқатар ірі халықаралық іс-шара өтті. PGL Astana 2026 турниріне шамамен 25 мың адам қатысып, оның онлайн-аудиториясы 50 миллион көрерменнен асты.
Comic Con Astana 2026 іс-шарасына шамамен 76 мың адам келді. Оның ішінде 12 мыңға жуығы – туристер.
Сонымен қатар іскерлік және оқиғалық туризм бағыты да белсенді дамып келеді. Automechanika Astana көрмесіне 15 мыңнан астам адам қатысып, оған 45-тен астам елдің өкілдері келді. Ал Eurasian Book Fair халықаралық кітап көрмесіне 15 елдің өкілдері қатысты.