Астанадағы №91 гимназияның 10-сынып оқушысы, 15 жастағы Марлен Несіпқұлов 300-ге жуық кітап оқып, бүгінде Назарбаев Университетіне түсуге дайындалып жүр.

Марлен Несіпқұлов бала күнінен әдебиетке қызығып, кітап оқуды тұрақты әдетке айналдырған. Оның айтуынша, кітапқа деген сүйіспеншілігі әжесінің ұйықтар алдында ертегі оқып беруінен басталған.

Алғаш оқыған шығармаларының қатарында Драгунский мен Чуковскийдің ертегілері, сондай-ақ шағын әңгімелер жинағы болған.

Кейін кітап оқу оның өмір салтына айналды. Марлен осы уақытқа дейін 300-ге жуық кітап оқып шыққан. Оның шамамен 150-сін бала кезінде оқыса, мектеп бағдарламасы аясында тағы 135 шығармамен танысқан.

Ол әртүрлі жанрдағы кітаптарды ұнатады және шығарманы көбіне көңіл күйіне қарай таңдайды. Бұрын бос уақыты көбірек болған кезде кітаптарды бірінен соң бірін оқыған. Қазір де бұл әдетінен қол үзген жоқ. Орта есеппен бір кітапты бір апта шамасында аяқтайды.

Марлен үшін кітап оқу өзгелерден ерекшеленудің жолы емес, өзінің таңдауы мен қызығушылығы.

10-сынып оқушысының болашаққа жоспары да айқын. Ол мектепті бітірген соң Назарбаев Университетіне оқуға түсуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар демалыс кезінде де кітап оқуды жалғастырмақ.

Мұндай мысалдар қазіргі жастардың білімге ұмтыла жүріп, әдебиетке деген шынайы қызығушылығын сақтай алатынын көрсетеді.