Астанада № 54 автобустың есігіне бала отырған арбаның дөңгелегі қысылып қалған. Жолаушының айтуынша, жүргізуші есікті ашпай, автобусты жүргізіп кеткен. Соның салдарынан арба аударылып, бала жерге құлаған.

Елордалық тұрғын оқиға жайында Threads желісінде баяндады. Оқиға 2 қыркүйек күні «Рэдисон» аялдамасында болған. Оның айтуынша, ол баласын арбаға отырғызып, автобусқа мінбек болған. Осы кезде салондағы жолаушылар арбаны көтеруге көмектескен.

Алайда әйелдің сөзінше, жүргізуші есікті жаба бастаған. Жолаушы тоқтатуды сұрағанымен, есік жабылып, арбаның алдыңғы дөңгелегін қысып қалған. Осыдан кейін автобус қозғалып кеткен. Дөңгелек есіктен босап шыққан кезде арба баламен бірге аударылып, жерге құлаған.

Әйелдің айтуынша, бала жарақат алмағанымен, қатты қорыққан. Сондай-ақ ол жүргізуші оқиғадан кейін автобусты тоқтатпағанын айтты.

Жолаушы болған жағдайға байланысты 109 қызметіне және City Transportation Systems (CTS) компаниясына өтініш берген. Ол жүргізуші мен тасымалдаушыны анықтап, автобустағы бейнекамера жазбаларын тексеруді және оқиғаға куә болған адамдарды табуды сұраған.

CTS өкілдері қазір автобустағы бейнебақылау жазбаларын тексеріп жатқанын хабарлады. Компания мәліметінше, № 54 бағытқа № 7 автобус паркі қызмет көрсетеді.