Ерлан Қарин – Вице-Президент, Олжас Бектенов Премьер-министр лауазымына бекітілді
Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысына қатысып, Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Вице-Президенті мен Премьер-министрінің кандидатураларын Құрылтай депутаттарымен келісті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Вице-Президент мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқарады, билік тармақтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді, Құрылтай депутаттарымен және Үкіметпен тығыз жұмыс істейді, сондай-ақ Конституцияға сәйкес Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді іске асырады.

Фото: akorda.kz
Президент бұл лауазымға Ерлан Тынымбайұлы Қариннің кандидатурасын ұсынды.
«Ерлан Қарин – елге танымал азамат. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жыл жұмыс істеді, көкжиегі кең, тәжірибесі мол, отаншыл азамат деп айтуға болады. Ауқымды реформаларды сапалы іске асыруға белсенді түрде атсалысты. Мемлекеттің стратегиялық бағдарын, даму жоспарын жақсы түсінеді. Сондықтан Ерлан Тынымбайұлы Қаринді осы лауазымға лайық деп есептеймін. Құрылтайдан бұл кандидатураны қолдауды сұраймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: akorda.kz
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдағы партиялар фракциялары жетекшілерінің пікірін ескере отырып, Үкімет басшысы лауазымына Олжас Абайұлы Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.
«Ол – мемлекетшіл, тәжірибелі, білікті азамат. Жауапкершілігін жақсы түсінеді. Бұған дейін Үкімет басшысы ретінде нәтижелі жұмыс істеді. Қазір еліміздің алдында ауқымды міндеттер тұрғанын жақсы білесіздер. Бұл мәселе бойынша Құрылтайдың тұңғыш отырысында толығымен айттым. Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуда. Түрлі инфрақұрылымдық жобаларды қолға алдық. Алда әлі де көп жұмыс істелуі керек. Жалпы, еліміздің Тәуелсіздігі мен Егемендігін нығайтуға, мемлекетімізді одан әрі дамытуға қатысты мәселелер әлі де күн тәртібінде тұр. Бұл мәселелерді бәріміз бірге ойдағыдай, сәтті шешуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Фото: akorda.kz
Дауыс беру қорытындысы бойынша Вице-Президент лауазымына Ерлан Қариннің кандидатурасы, Премьер-министр лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасы депутаттардың басым дауысымен қолдау тапты.
Мемлекет басшысы Вице-Президент және Премьер-министр лауазымдарына ұсынылған кандидатураларды қолдағаны үшін Құрылтай депутаттарына ризашылық білдірді.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz