Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне тоқталды. Президент жаңа цифрлық дәуірге қадам басқан тұста адами капитал дамудың аса маңызды факторына айналғанын атап өтті.

Оның айтуынша, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында саланы басқарудың платформалық үлгісіне көшу басталып, білім беру базасын жаңғырту қолға алынды. Бұл ретте барлық мемлекеттік сервис пен қызмет біріктіріліп, мұғалімдер уақыт алатын шаруадан босатылады.

«Педагогтерді ығыр қылатын қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы биыл мамырда орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі Жарлыққа қол қойғанын, алайда жаңа оқу жылының қарсаңында тапсырманың тиісті деңгейде орындалмағанын кемшілік ретінде атап өтті. Президент балалар мен педагогтердің жасанды интеллектіні жүйелі әрі дұрыс қолдану тәртібін белгілейтін шараларды шұғыл қабылдау қажеттігін тапсырды.

Фото: akorda.kz

«Жасанды интеллект пен оның мүмкіндіктері ермек емес, кіріс көзі болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, жоғары білім саласында жасанды интеллектіні пайдаланудың ортақ стандарты бар, Үкімет дәл осындай стандартты орта және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне де енгізуі қажет. Президент қыркүйекте Жасанды интеллект университеті ашылатынын, бұған қоса Үкіметке Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтауды тапсырғанын жеткізді.