9–10 қыркүйекте Астанада Еуразия өңірінің инвестициялық және қаржылық мәселелеріне арналған IX Astana Finance Days 2026 форумы өтеді. «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ұйымдастыратын Delivering Impact. Capital in Action тақырыбындағы шараға әлемнің 80-нен астам елінен 5 500-ден астам қатысушы келеді деп күтіледі.

Форум инвесторларды, қаржы және технология секторларының өкілдерін, реттеушілерді, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарды, сондай-ақ халықаралық бизнес өкілдерін бір алаңға жинайды.

2018 жылы негізі қаланған Astana Finance Days бүгінде Еуразиядағы капитал нарықтарын дамытуға және Қазақстанда жаңа инвестициялық мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал ететін ірі қаржы форумдарының біріне айналды.

Форум барысында қатысушылар жаһандық қаржы нарығындағы негізгі үрдістерді талқылайды. Сондай-ақ инвестиция мен бизнеске арналған жаңа бағыттарды қарастырып, инвесторлармен, топ-менеджерлермен және қаржы саласының жетекші сарапшыларымен іскерлік байланыс орнатады.

AFD 2026 спикерлері қатарында Қазақстанның мемлекеттік органдары мен ұлттық компанияларының, халықаралық қаржы институттарының, инвестициялық және басқарушы компаниялардың өкілдері болмақ. Олардың арасында Жаслан Мәдиев, Тимур Сүлейменов, Елена Бахмутова, Кубанычбек Омуралиев, Тимур Турлов, Кирилл Хомяков, Санжар Жамалов, Ибрахим Жанлыел, Бен Пауэлл, Йылмаз Коджагөз, Джад Эллаун, Дэвид Сол және өзге де халықаралық сарапшылар бар.

Форумның негізгі тақырыптары қатарында капитал нарықтары мен инвестициялық өнімдер, реттеу және құқықтық орта, қаржы нарықтарының тұрақтылығы, институционалдық инновациялар, экономиканың нақты секторын қаржыландыру, сондай-ақ өңірлік және трансшекаралық ынтымақтастық мәселелері бар.

Шара барысында АХҚО экожүйесінің мүмкіндіктеріне де айрықша назар аударылады. Қатысушылар АХҚО юрисдикциясында бизнесті дамыту, компаниялардың өсуі және халықаралық нарықтарға шығу тәжірибесімен танысады.

Форум аясында AFD Exhibition көрме алаңы жұмыс істейді. Мұнда қаржы институттары, банктер, инвестициялық және басқарушы компаниялар, финтех және технологиялық жобалар өз өнімдері мен шешімдерін таныстырады.

Astana Finance Days 2026 шарасы Freedom, Solidcore Resources, KAZ Minerals, ITS, LMAX Group, Teniz Capital Investment Banking, Allur, Binance, Mastercard, Air Astana және Euronews сынды халықаралық және отандық серіктестердің қолдауымен өтеді.