«Барыс» орденіне ие болған Тұрсын Жұртбай марапатты ұлт руханияты жолындағы еңбегінің бағасы деп бағалады
Ұлт руханиятына сіңірген еңбегі үшін марапатталған ғалым тарихи сана, Абай мұрасы және Алтын Орданың қазақ тарихындағы орны туралы ой бөлісті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада бір топ мәдениет, өнер және ғылым қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Солардың бірі – белгілі ғалым, жазушы әрі абайтанушы Тұрсын Жұртбай «Барыс» орденімен марапатталды.
«Менің «Толық адам» атты екі кітаптан тұратын еңбегім Абайдың көркемдік әлемін, «Толық адам» ілімін ғылыми тұрғыдан саты-сатысымен талдап, түсіндіріп беруге арналған. Президенттің осы мәселеге ықылас көрсетіп отырғаны да – біз үшін үлкен мәнге ие», – деді ғалым.
– Сіз Мұхтар Әуезов пен Абай мұрасын зерттеп, олардың өмірі мен шығармашылығы туралы іргелі еңбектер жаздыңыз. Осы зерттеулеріңіз барысында бүгінгі ұрпаққа ерекше үлгі болатын қандай ортақ қасиетті байқадыңыз?
– Мен Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы туралы «Бесігіңді ұмытпа» деген атаумен үш кітап жаздым. Мұндағы басты мақсатым – Әуезов арқылы Абайдың ішкі жан дүниесіне барлау жасап, оны тереңірек түсінуге ұмтылу еді.
«Абайды Әуезов арқылы түсіндім» десем, шындыққа жақын келеді. Әуезов Абайдың тереңін зерттей отырып, кей тұстарда оның тура айтқан пікірлерінен өзгеше пайым білдірген. Сынаған тұстары да бар. Сол сынаған жерлерін керісінше оқысаң, Абайдың нақты тереңдігі ашыла түседі. Біз Абайды Әуезовсіз терең сезіне алмаймыз.
Әуезов Абайды тебірентіп, күлдіріп, зарландырып, ашындырып, мақсат жолында күресуге, оқуға ынталандыратын тұстарын, махаббат сезімдерін қиыннан қиыстырып отырып бере білді. Оның басты мақсаты – Абайды әлемдік деңгейге көтеру еді. Әуезовтің бүкіл зерттеуі осы мақсатқа бағытталды. Ол мақсатына жетті. Біз де Абайды Әуезов арқылы тереңірек танып, сол рухани арнаны бүгінге жалғай аламыз.
Ұлылардың өмірін зерделеп, ой жүгіртіп, шығармаларын оқу арқылы біз кешегі күнімізді еске аламыз, бүгінгі күнімізге баға береміз, ертеңгі күнге жол таңдаймыз.
Ал бүгінгі ең басты жол – Қазақ хандығының Алтын Орданың заңды мұрагері екендігі туралы идея. Енді осы идеяға барлық шығармашылық атаулы қызмет етуі керек. Алтын Орда хандардың берекесіздігінен ыдырады деген пікір бар. Бірақ мәселенің түпкі себебі бұл емес. Жүз сексен жыл бойы Еуропа мен Азияны Қара оба жайлады. Оның салдарынан халықтар бір-бірінен оқшауланып, әрқайсысы жеке-жеке күй кешіп, тұйықталуға мәжбүр болды. Алтын Орданың ұлыстарға бөлініп, біртіндеп ыдырауының басты себептерінің бірі де осы тарихи жағдай еді.
Сондықтан біз Алтын Орданың құлау себептерін, оның ішкі және сыртқы саясатын, жер мен тіл мәселелеріне қатысты ұстанымдарын бүгін жаңаша әрі ашық талдап, одан тарихи сабақ алуымыз керек. Бұл – өткенді ғана зерделеу емес, бүгінгі ұлттық идеологиямызды қалыптастыруға негіз болатын бағыт.
Осы идеяны терең зерттеп, оны ғылыми тұрғыдан зерделеп, қазіргі қоғамның рухани сұранысына сай дамытып, болашаққа бағыттауымыз қажет. Алтын Орда тарихы – белгілі бір кезеңнің ғана тарихы емес, қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығын танытатын маңызды арна.
– Президент елдің жаңғыру кезеңінде ұлттық бірлік пен рухани құндылықтардың маңызын атап өтті. Сіздіңше, тарих пен әдебиеттің бүгінгі қоғамды біріктіретін ортақ құндылықтарды қалыптастырудағы мүмкіндігі қандай?
– Президенттің елдің жаңғыру кезеңінде ұлттық бірлік пен рухани құндылықтардың маңызын атап өтуі өте орынды. Өйткені тарих пен әдебиет – халықтың өткенін ғана танытатын сала емес, оның бүгінгі санасын қалыптастыратын, болашаққа бағдар беретін рухани негіз.
Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің Алтын Орда туралы ұстанымын қазақтың басты ұлттық идеяларының бірі ретінде жан-жақты түсіндіру қажет деп ойлаймын. Бұл мәселені әдебиетші де, тарихшы да кеңінен зерттеп, халыққа жеткізуі тиіс. Біз Алтын Орданың заңды мұрагері екенімізді тарихи сабақтастықтың маңызды үлгісі ретінде қабылдауымыз керек. Себебі өз тарихын терең таныған ұлт қана өзінің бүгінгі орнын бағалап, болашағын нық сеніммен айқындай алады.
Ал әдебиет осы тарихи сананы адамның жүрегіне жеткізеді. Ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы арқылы халықтың рухын, арманын, мұратын танытамыз. Сондықтан тарих пен әдебиеттің тоғысында ұлттық бірлікті бекемдейтін, қоғамды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыратын үлкен мүмкіндік бар.