Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қытай-Қазақстан интеллектуалды есептеу және жасанды интеллект инновациялары» тақырыбында халықаралық симпозиум өтті.

Ауқымды шараны ҚазҰУ мен Қытай компьютер федерациясы (CCF) бірлесіп ұйымдастырды. Жиынға отандық және шетелдік ғылыми қауымдастық өкілдері, IT мамандары мен халықаралық сарапшылар қатысты.

Симпозиумның ашылуында сөз сөйлеген ҚазҰУ Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев шараның Қазақстанды цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын елге айналдыру жөніндегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық тапсырмаларын жүзеге асырудағы маңызын атап өтті.

«ҚазҰУ мен Қытай компьютер федерациясы арасындағы ынтымақтастық жүйелі түрде дамып келеді. Өткен жылы делегациямыз Харбин қаласында өткен Ұлттық компьютер конгресіне қатысса, биыл сәуір айында университет базасында Қытай компьютер федерациясының Алматыдағы өкілдігі ресми түрде ашылды. Бүгінгі симпозиум осы жемісті әріптестіктің заңды жалғасы», – деді ректор.

Өз кезегінде CCF төрағасының орынбасары Хай Цзинь екі елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін жоғары бағалап, жасанды интеллект технологияларын дамыту үшін бірлескен зерттеулер жүргізу мен жас ғалымдарды даярлаудың маңыздылығына тоқталды.

Симпозиум барысында сарапшылар жасанды интеллект саласындағы соңғы ғылыми әзірлемелер мен тәжірибелік жобаларды таныстырды. Сондай-ақ олардың экономика мен қоғамның дамуына ықпалы талқыланды.

Жиында үлкен тілдік модельдер (LLM), агенттік жүйелер, сондай-ақ жасанды интеллектіні медицина мен ауыл шаруашылығында қолдану мүмкіндіктеріне айрықша назар аударылды. Симпозиум жұмысы сарапшылар қатысқан дөңгелек үстел және арнайы секциялық семинарлармен жалғасты.