Арнаулы мемлекеттік қордан 7 млрд теңге Астанада заманауи мектеп салуға бағытталды.

Мемлекет басшысының әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Осы мақсатта Арнаулы мемлекеттік қордан 7 млрд теңге Астанада заманауи мектеп салуға жұмсалды.

1200 оқушыға арналған жаңа білім беру нысаны елорданың «Нұра» ауданында бой көтеруде. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жобаны келер жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Мектеп салу қажеттілігі халық санының өсуіне байланысты туындап отыр. Қазіргі уақытта құрылыс аумағында 4 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді, алайда оқушы орындарының тапшылығы бар. Жаңа нысан елордадағы №84, №85, №89 және №97 мектептерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы қайтарылған активтер азаматтар үшін практикалық маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда. Үкімет 610 млрд теңгеден астам сомаға 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыруды мақұлдады. Қаражат ел бойынша білім беру, денсаулық сақтау, спорт және коммуналдық инфрақұрылым нысандарын салуға және жаңғыртуға бөлінуде. Білім беру саласында жалпы құны 64,4 млрд теңге болатын 17 жобаны жүзеге асыру мақұлданды. Бұл қаражат жаңа білім беру инфрақұрылымын салуға және балалар мен жастардың білім алуына заманауи жағдай жасауға бағытталды.