«Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова тұрғын үй кезегін заңсыз жылжыту бойынша жемқорлық фактілері жайлы тілшілер сұрағына жауап берді.

Оның айтуынша, бұл — 2025 жылдың сәуір-мамыр айларында тіркелген бір реттік жағдай.

«Бұл бір ғана оқиға болды. Азамат тұрғын үй кезегінде тұрған, алайда жеңілдігі жоғары санатқа өту үшін өз санатын «мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасы» ретінде өзгерткен», — деді Ләззат Ибрагимова Үкіметте өткен брифингте.

Банк төрағасының айтуынша, аталған жағдай 2025 жылғы тамызда жаңа ақпараттық жүйе іске қосылғанға дейін орын алған.

«Біз бұдан үлкен сабақ алдық. Цифрландыру кезінде әрбір әрекеттің цифрлық ізі сақталуы өте маңызды екенін түсіндік. Жүйеге кімнің қандай логинмен кіргені, қандай әрекет жасағаны толық тіркелуі қажет», — деді ол.

Оқиғаға банктің екі қызметкері — өңірлік филиалдардың бірінің маманы мен орталық аппараттың бизнес-талдаушысы қатысқан. Отбасы банктің бастамасымен олардың еңбек шарттары бұзылып, жұмыстан шығарылды.

Сондай-ақ банк қызметкерлерді қылмыстық жауапқа тарту туралы құқық қорғау органдарына арыз жолдады. Қазір қылмыстық істер тіркеліп, тергеу жүргізіліп жатыр.

Ләззат Ибрагимова аталған қызметкерлердің мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғалар қатарына жатпайтынын атап өтті.

«Ешқандай шығын келген жоқ. Заңсыз бөлінген пәтер несие шартын рәсімдеу кезеңінде тоқтатылып, қайтарылды. Кейін ол тұрғын үй бөлу процесіне қайта қатыстырылды», — деді банк басшысы.