Үкімет жаңа Салық кодексінің алғашқы қорытындыларын жария етті
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік бюджет кірістері өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 16%-ға артты.
Қазақстанда жаңа Салық және Бюджет кодекстері күшіне еніп, салық жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырыла бастады. Жаңа өзгерістер нақты секторды қолдау, салық жүктемесін әділ бөлу және мемлекеттік қаржының тиімділігін арттыруды көздейді.
Үкіметтің мәліметінше, реформаның алғашқы нәтижелері байқала бастады. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік бюджет кірістері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 16%-ға өсті. Трансферттерді есептемегендегі бюджет кірістері 8,5 трлн теңгені құрап, жоспар 100,6%-ға орындалды. Сондай-ақ ҚҚС төлеушілер саны 22,3 мыңға артып, 158,2 мың субъектіге жетті.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес корпоративтік табыс салығының (КТС) базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталды. Банк секторына – 25%, ал аграрлық салаға жеңілдетілген 3% мөлшерлеме белгіленді. ҚҚС мөлшерлемесі 16% болып бекітілді. Дәрілік заттар, оқу әдебиеттері мен баспасөз өнімдері үшін төмендетілген ҚҚС көзделген.
Бұған қоса, жеке табыс салығының (ЖТС) прогрессивті жүйесі енгізілді. Бұдан былай жылдық табысы 8,5 мың АЕК-тен (36,7 млн теңге) асатын азаматтар ғана осы сомадан жоғары бөлігіне 15% мөлшерлемемен салық төлейді. Қалған азаматтар үшін ЖТС мөлшерлемесі өзгеріссіз қалды.
Бұдан бөлек, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан толық босатылды. Пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан жеңіл автокөліктерге салынатын көлік салығы 30%-ға, ал 20 жылдан асқан көліктер үшін 50%-ға төмендетілді. Сонымен бірге І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік салықтық шегерім көлемі 5 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Реформа аясында салықтық әкімшілендіру де жеңілдеді. Салықтар мен алымдардың жалпы саны 20%-ға, ал салық есептілігінің нысандары 30%-ға қысқарды. Үкіметтің мәліметінше, бұл өзгерістер бизнес жүргізуді жеңілдетіп, ашық әрі тұрақты экономикалық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.