Қазақстанда электрондық қалдықтарды басқару жөніндегі ГЭФ-ЮНЕП жобасы басталады
Қазақстан электрондық қалдықтардың құрамындағы қауіпті заттардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерін азайтуға бағытталған «Қазақстандағы электрониканың өмірлік циклінде айналымдылық пен ресурстарды пайдалану тиімділігін ілгерілету» жобасын қолға алады.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жоба Жаһандық экологиялық қордың (ГЭФ) қаржыландыруымен Электрониканы басқару жөніндегі жаһандық бағдарлама (GEM) аясында жүзеге асырылады. GEM — Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымы (ЮНИДО) бастамасымен, БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) және өзге де халықаралық серіктестердің қатысуымен іске асатын халықаралық бастама.
Бағдарлама елдерге электрониканы оның бүкіл өмірлік циклі бойы экологиялық қауіпсіз әрі ресурсты тиімді басқаруға көшуге қолдау көрсетеді: саясат пен заңнаманы жетілдіру, технологиялар мен қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту, өнімнің тұрақты дизайнын ілгерілету, сондай-ақ жөндеу, қайта пайдалану және қайта өңдеу жүйелерін нығайту арқылы GEM бағдарламасы құнды ресурстарды сақтай отырып, электрондық қалдықтардың экологиялық және медициналық зардаптарын азайтуды мақсат тұтады.

Электрондық қалдықтар — әлемдегі ең қарқынды өсіп келе жатқан қалдық түрлерінің бірі. Технологияның жедел дамуы, тұтынудың артуы және өнім өмірінің қысқаруы салдарынан жыл сайын миллиондаған тонна істен шыққан электрондық бұйым жиналады. Олардың көбінің құрамында дұрыс өңделмеген жағдайда адам денсаулығы мен қоршаған ортаға қатер төндіретін зиянды заттар бар. Оған қоса, электрондық қалдықтардың құрамында бағалы металдар мен өзге де құнды материалдар кездеседі — бұл бұйымдар қайта өңделмей, жай ғана қоқысқа тасталған жағдайда аталған ресурстар қайтарымсыз жоғалады.
«Бүгінде электрондық қалдықтармен жұмыс мәселесі тек экологиялық күн тәртібінің шеңберінде қалып отырған жоқ. Ол өнеркәсіптік саясат, цифрландыру, халықаралық сауда, ресурстық қауіпсіздік, климаттық саясат және тұрақты экономикалық даму тоғысында тұр. Қазақстан үшін бұл жобаның басталуы — қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың, айналымды экономикаға көшудің және табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың маңызды кезеңі», — деді Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Түкенов.
Жоба ұлттық әлеуетті нығайтып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытуға ықпал етеді әрі халықаралық озық тәжірибеге сай электрониканы тұрақты басқаруды ілгерілетеді.
Жобаның практикалық бөлігі бірнеше бағытты қамтиды: пилоттық қалалардағы үй шаруашылықтарынан электрондық қалдықтарды жинау модельдерін сынақтан өткізу, қайта өңдеу кәсіпорындарына техникалық қолдау көрсету, сұрыптау жүйесін жақсарту, электрондық қалдықтармен экологиялық қауіпсіз жұмыс істеу тәжірибесін енгізу және құнды материалдарды қалпына келтіру. Сонымен қатар жоба қауіпті заттарды анықтау құралдарын енгізуге, электрондық қалдықтар ағынына жүйелі мониторинг жүргізу негізін қалауға, сектор қатысушыларының әлеуетін дамытуға, сондай-ақ мемлекеттік органдар, бизнес пен халықаралық ұйымдар арасындағы үйлестіруді нығайтуға қолдау көрсетеді.
«Қазақстан үшін бұл жобаның маңызы тек экологиялық бастамамен шектелмейді. Ол мемлекет, бизнес, қайта өңдеушілер, импорттаушылар, сарапшылар және азаматтық қоғам ұйымдары арасындағы диалог үшін нақты алаң болмақ. Мұндай серіктестік электрондық қалдықтарды жасырын мәселе болудан шығарып, оны заманауи айналымды экономиканың ажырамас бөлігіне айналдыру үшін қажет», — деді «Тұрақты дамуға көмектесу» орталығының атқарушы директоры Вера Мустафина.
Жобаның ресми таныстырылымы 2026 жылғы 30 маусымда Астана қаласында өтті. Шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, электроника өндірушілері мен импорттаушылары, қайта өңдеушілер, салалық қауымдастықтар, сарапшылар қоғамдастығы және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Семинар барысында жобаның мақсаттары мен күтілетін нәтижелері таныстырылып, электрондық қалдықтарды басқару саласындағы негізгі мәселелер талқыланды, іске асырудың бірінші кезеңінің басым бағыттары айқындалды, сондай-ақ жобаның көпжақты үйлестіру тетігі іске қосылды.