«Байтақ» партиясы жаңа Конституцияны саяси жүйені жаңартудың негізі деп бағалады
Фото: BAQ.kz
Азаматхан Әміртайдың айтуынша, партияның кезектен тыс съезі Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саяси бағытты қолдау мақсатында ұйымдастырылған.
Астанада Қазақстанның жасылдар партиясы «Байтақтың» V кезектен тыс съезі жұмысын бастады.

Фото: BAQ.kz
Жиынға партия төрағасы Азаматхан Әміртай, саяси кеңес мүшелері, өңірлік филиалдардың жетекшілері, экологтар, қоғам қайраткерлері және сарапшылар қатысып жатыр.
Бір палаталы Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауы қарсаңында еліміздің әр түкпірінен келген делегаттар съезд аясында партияның сайлауалды бағдарламасын бекітіп, депутаттыққа ұсынылатын кандидаттардың тізімін мақұлдайды.
Съезде сөз алған партия төрағасы Азаматхан Әміртай бұл жиынның кезектен тыс өткізілуіне жаңа Конституцияның күшіне енуі себеп болғанын атап өтті.
«Биыл 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, жаңа Негізгі заң еліміздің саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртудың негізіне айналды. Біздің бесінші кезектен тыс съезіміз де Президенттің осы саяси бағытын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр», – деді Азаматхан Әміртай.

Фото: BAQ.kz
Оның айтуынша, делегаттардың қарауына ұсынылатын құжаттардың жобалары алдын ала әзірленген.
Партия төрағасы сондай-ақ 23 тамызда Қазақстан азаматтары тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлайтынын еске салды.
«Бұл – жай ғана кезекті сайлау науқаны емес. Бұл – мемлекет тарихындағы жаңа кезеңнің басталуы», – деді Азаматхан Әміртай.