Бес жылға жасалған келісімнің жалпы құны 107 миллион АҚШ долларын құрайды.

Қазақстанда рений өндірісін дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жоба жүзеге аспақ.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде Жезқазғансирекмет АҚ мен Ұлыбританияның Maritime House Ltd. компаниясы арасында құрамында рений бар шикізатты қайта өңдеу жөніндегі ұзақ мерзімді офтейк-келісімшартқа қол қойылды.

Министрліктің мәліметінше, бес жылға жасалған келісімнің жалпы құны 107 миллион АҚШ долларына тең.

Келісім аясында Саран қаласында қайталама шикізаттан металл рений өндіретін өндіріс іске қосылады. Жобаның инвестициялық құны – 30 миллион АҚШ доллары.

Жоба өндірістік қуаттардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және тараптар арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты өрістетуге бағытталған.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, мұндай жобалар шикізатты терең өңдеуді дамытуға, жаңа технологиялар енгізуге және жоғары технологиялық өндірістерді қалыптастыруға жол ашады. Оған қоса, бұл келісім Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырып, аса маңызды минералдар нарығындағы орнын нығайтуға ықпал етеді.