Компаниялар нейрожелілерді үйрету мақсатында қағаз кітаптарды сатып алып жатыр.

Германияда антиквар кітап дүкендерінің иелері ескі кітаптарға деген сұраныстың кенеттен артқанын аңғарды. Deutsche Welle хабарлағандай, оларды жасанды интеллект әзірлеумен айналысатын компаниялар жаппай сатып алуда.

Кітаптар нейрожелілер мен чат-боттарды үйрету барысында пайдалану үшін электронды форматқа көшіру мақсатында сатып алынады. Әзірлеушілерді көбіне тарих, лингвистика, экономика және құқық саласындағы ғылыми әрі мамандандырылған кітаптар қызықтырады. Мұндай басылымдарда интернетте сирек ұшырасатын сөздер, ескі тілдік формалар және өзге де ақпарат сақталған.

Сатушылардың айтуынша, кейбір тапсырыстардың көлемі соншалық – олар тіпті бір жылдық табыспен теңеседі. Айта кетерлігі, сонымен қатар жылдар бойы сұраныссыз жатқан кітаптар да сатып алынып жатыр.

Сұраныстың кенеттен артуының себебі

Сарапшылардың пайымынша, ЖИ әзірлеушілері қолжетімді цифрлық мәтіндердің басым бөлігін пайдаланып қойған. Енді оларға әлі электронды нұсқаға көшірілмеген қағаз кітаптар қажет болып отыр.

Бұған дейін The Washington Post газеті америкалық Anthropic компаниясы сканерлеу үшін миллиондаған баспа кітабын сатып алғанын хабарлаған еді. Үдерісті жеделдету үшін кейбір даналардың мұқабалары кесіп тасталған. Соның салдарынан бұл кітаптар электронды форматқа көшірілгеннен кейін іс жүзінде жойылып кеткен.

Неміс кітап саудагерлері мұндай жаппай сатып алу құнды қағаз басылымдардың жоғалуына әкеледі деп алаңдаулы. Олар билікті бұл жағдайға назар аударуға шақырып отыр. Себебі мәселе тек авторлық құқықта ғана емес, сонымен қатар мәдени мұраны сақтауда болып тұр.

Сарапшылардың мәліметінше, әзірлеушілер үшін әсіресе 1970 жылдардан бастап жарық көрген кітаптар аса құнды. Олардың көбі әлі күнге дейін авторлық құқықпен қорғалған және толыққанды электронды көшірмелері жоқ.