«Ауыл» партиясы құрылтайға ұсынылатын 69 адамдық кандидаттар тізімін бекітті
«Ауыл» партиясының XXVI кезектен тыс съезінде құрылтайға ұсынылатын кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді. Съезге қатысқан 150 делегаттың дауыс беруі қорытындысында тізімге 69 адам енгізілді.
Партиялық тізімге өткен шақырылымдағы Мәжіліс депутаттары Қарақат Әбден, Серік Егізбаев, Жигули Дайрабаев, Николай Арсютин және Ерболат Саурықов кірді. Ал Мәжіліс депутаттары Анас Баққожаев пен Аян Зейнуллин үміткерлер қатарына енбей қалды.
Бұдан бөлек, тізімнен партияның жаңа төрағасы Қайрат Айтуғанов, «Бірлік» ЖШС жетекшісі Жандос Әбдіжаппаров, партияның Астана қалалық филиалының төрағасы Ұлан Әбдіханов, Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Фарид Әбітаев, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Талғат Айтбаев, Қызылорда облыстық «Сыр дидары» газетінің бас редакторы Сәкен Алдашбаев, Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Дәурен Бабамуратов, Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажыбекова, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Самал Нұғманова, сондай-ақ өзге де үміткерлер орын алды.
Партиялық тізімдегі кандидаттардың жалпы санының 71 пайызын – ерлер, 29 пайызын әйелдер құрайды. Оған қоса, үміткерлердің 8,7 пайызы – ерекше қажеттіліктері бар азаматтар.