Бизнес өкілдерінің ұсыныстары «Әділет» партиясының тау-кен металлургия кешенін дамыту жөніндегі бастамалар топтамасына енгізіледі.

«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі алаңында партия төрағасы Айбек Дәдебай тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарының басшыларымен, мемлекеттік органдардың және салалық қауымдастықтардың өкілдерімен кездесті.

Жиында саланы дамыту, отандық кәсіпорындарды қолдау, жаңа өндіріс орындарын ашу, шикізатты терең өңдеу және инженерлік кадрлар даярлау мәселелері талқыланды.

Кездесуді ашқан Айбек Дәдебай Қазақстанның минералды шикізат қоры мол екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл әлеует, ең алдымен, ел экономикасын дамытуға қызмет етуі тиіс.

Бұл – тек экономикалық мәселе ғана емес. Бұл – әділдік мәселесі. Жер байлығы халықтың әл-ауқатына айналуға тиіс. Сондықтан «Әділет» партиясы Президенттің терең өңдеу саласын дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және жоғары деңгейде өңделген өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған стратегиялық бағдарын толық қолдайды.

Партия төрағасының сөзінше, табиғи ресурстарды пайдалану тәсілін өзгерту қажет. Егер мемлекет шикізатты экспорттап, кейін сол шикізаттан өндірілген дайын өнімді сатып алатын болса, негізгі табыс, жаңа өндірістер мен жұмыс орындары Қазақстаннан тыс жерде қалыптасады. Сондықтан шикізатты терең өңдеуді дамыту өнеркәсіп саясатының негізгі басымдықтарының біріне айналуға тиіс.

«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша тау-кен металлургия кешені елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 8%-ын қамтамасыз еткен. Өндірілген өнім көлемі 14 трлн теңгеден асып, экспорт көлемі 21,4 млрд АҚШ долларын құраған.

«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ басқарма төрағасы Нариман Абсаметовтің айтуынша, бүгінде тау-кен металлургия кешені мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие салаға айналды.

Сирек кездесетін минералдарға қолжетімділік мемлекеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды факторлардың біріне айналуда. Қазақстан бірегей минералды шикізат базасына ие және оны тиімді игеру қадамы еліміздің әлемдік нарықтағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Талқылау барысында сала өкілдері бірқатар жүйелі мәселені көтерді. Атап айтқанда, Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец теміржол тасымалының сала үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтіп, транзиттік тасымалдан түсетін кірістерді бөлудің неғұрлым теңгерімді тәсілін қарастыруды ұсынды.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі саланы одан әрі дамыту мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы тұрақты өзара іс-қимылды талап ететінін айтты.

«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі отандық өнеркәсіпті дамытуға және Қазақстан экономикасын нығайтуға бағытталған бастамаларды әзірлейтін тиімді алаңға айналатынына сенімдімін.

Қатысушылар кәсіпорындарды жаңғырту, инвестиция тарту және білікті кадрлар даярлау мәселелеріне де ерекше назар аударды. Кездесуде табиғи ресурстар жаңа өндірістерді іске қосуға, заманауи технологияларды енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға негіз болуы керек екені айтылды.

«Qarmet» АҚ басшысы Вадим Басин кәсіпорында жүргізіліп жатқан ауқымды жаңғырту жұмыстары туралы айтып, қауіпсіздікке, еңбек жағдайына және кәсіби кадрларға инвестиция салмайынша өндірісті дамыту мүмкін емес екенін жеткізді.

Өнеркәсіп секторы үшін әділдік – адамның еңбегін құрметтеу деген сөз. Кәсіпорын қауіпсіздік есебінен емес, өз алдына дамуға тиіс. Инвестиция тек жабдықтарға ғана емес, адамдарға да бағытталуы керек.

Кездесуді қорытындылаған Айбек Дәдебай бүгінде саланы дамыту мәселесін талқылап қана қоймай, оның нақты іске асырылуын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.

Ол Іскерлік кеңес отырысының қорытындысы бойынша «Әділет» партиясы тау-кен металлургия саласын дамытуға арналған бірыңғай бастамалар топтамасын әзірлейтінін мәлімдеді. Оның негізіне бизнес өкілдерінің, салалық қауымдастықтардың және сарапшылар қоғамдастығының ұсыныстары енгізіледі.

Бүгін нақты әрі шын мәнінде аса маңызды өте көп ұсыныс айтылды. Олардың әрқайсысы жан-жақты қаралып, жүйеленіп, Іскерлік кеңестің алдағы жұмысының бір бөлігіне айналады. Біздің міндетіміз – бизнес пен мемлекет арасындағы диалогтың күн сайын жалғасуын қамтамасыз ету.

Кездесу соңында «Әділет» партиясының жаңа мүшелеріне партиялық билеттер табысталды.