Тоқаев пен Кобахидзе шағын құрамда келіссөз жүргізді
Фото: akorda.kz
Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзені қарсы алу рәсімі өтті.
Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт бергеннен кейін Қазақстан мен Грузияның мемлекеттік әнұрандары шырқалды.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz
Содан кейін Қазақстан Президенті мен Грузия Үкіметінің басшысы шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ираклий Кобахидзеге ілтипат білдіріп, бұл сапар қазақ-грузин серіктестігін нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан Грузияны стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі дәстүрлі серіктес ретінде қарастыратынын айтты.
Бұл сапар табысты болатынына сенімдімін. Қазақстан Грузияны стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі дәстүрлі серіктесі ретінде қарастыратынын атап өткім келеді. Біз көптеген бағытта, соның ішінде экономикалық немесе гуманитарлық салаларда тығыз байланыс орнаттық. Мұндай ықпалдастық алдағы уақытта да жалғасуға тиіс деп ойлаймын. Мемлекет басшысы ретінде ынтымақтастығымыздың қарқынды дамып, нәтижелі болуына барлық күш-жігерімді жұмсаймын. Сіздер Қазақстанның стратегиялық серіктесі саналасыздар. Еліңізбен достықты және ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Қазақстандықтар Сіздің еліңіз бен халқыңызды шын мәнінде құрметтейді. Бүгінде көптеген туристеріміз Грузияға барып, жақсы көңіл-күймен оралып жүр. Әрине, әлі де іске асырылмаған мүмкіндіктеріміз мол. Сондықтан екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беру үшін қолда бар әлеуетімізді тиімді пайдалануға бар күшімізді жұмылдыруымыз қажет.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz
Ираклий Кобахидзе Қазақстанға ресми сапармен келіп, жоғары деңгейде кездесу өткізуді зор мәртебе санайтынын жеткізді. Ол Грузия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық сипат алғанын атап өтіп, екі ел арасындағы ықпалдастықты барлық бағытта арттыруға ниетті екенін айтты.
Біз Грузия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа ерекше мән береміз. Серіктестігіміздің стратегиялық сипат алғаны қуантады. Ынтымақтастығымыздың негізгі мәні де осында. Алайда, Өзіңіз атап өткендей, жүзеге аспаған әлеуетіміз жетерлік. Сондықтан оны толық іске асыруға күш салуымыз керек. Елдеріміз арасындағы берік саяси және экономикалық, сондай-ақ білім беру, мәдениет және басқа да көптеген салалардағы ықпалдастықты қолдаймыз. Барлық бағыттағы байланыстарды арттыруға айрықша ниеттіміз. Бұл сапардың маңызы ерекше. Өйткені біз Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қоямыз. Аталған құжаттың екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенімдімін. Серіктестігіміз ортақ құндылықтарға негізделген, сондықтан қарым-қатынасымыздың әлеуеті зор. Елдеріміз арасындағы достық пен өзара ықпалдастыққа қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын.