Көкшетау қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Жаһандық көзқарас және тұрақты даму: кітапханалардың болашақты құрудағы рөлі» тақырыбында Қазақстан Кітапханалар Одағының кезекті көшпелі отырысы басталды.

Көшпелі отырыстың ашылу салтанатына еліміздің кітапхана саласының басшылары, өңірлік кітапханалардың директорлары мен мамандары қатысты. Іс-шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әлидің құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова мен Қазақстан Кітапханалар Одағының төрағасы, Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Нұрғалиева құттықтау сөз сөйлеп, кітапхана ісін дамытудағы өзекті міндеттерге тоқталды.

Одан кейін көшпелі отырыс пленарлық бөліммен жалғасты. Пленарлық отырыстың шымылдығын Қазақстан Кітапханалар Одағының төрағасы, Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Нұрғалиева ашып, Қазақстан Кітапханалар Одағының алдағы даму бағыттарын таныстырды. Сонымен қатар ұйымның жаңартылған веб-сайтының мүмкіндіктері туралы баяндады.

Жиын барысында кітапхана саласын дамытуға бағытталған бес стратегиялық бастама таныстырылды. Атап айтқанда, Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру, «Қазақстан Республикасындағы кітапхана ісі және кітап басып шығару туралы» заң жобасын әзірлеу, «Жылдың үздік 10 оқырманы» республикалық жобасын іске асыру, оқу мәдениетін дамыту саласындағы Ұлттық сыйлықты тағайындау және 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын әзірлеу мәселелері кеңінен талқыланды.

Айта кетейік, көшпелі отырыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 16 мамырдағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру тетіктерін талқылау, сондай-ақ кітапхана ісін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған бастамаларды айқындау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Қазақстан Кітапханалар Одағының көшпелі отырысы аясындағы іс-шаралар ертең де жалғасады. Бағдарламаға сәйкес қатысушылар салалық секциялардың жұмысына қатысып, тәжірибе алмасады, кітапхана ісін цифрландыру, оқу мәдениетін дамыту және кәсіби қауымдастықтың өзара ықпалдастығын нығайту мәселелерін талқылайды.