Нұра ауданында жаңа жолдар, мектептер, саябақтар мен әлеуметтік нысандар салынып жатыр
Фото: Gov.kz
Нұра ауданы соңғы жылдары елорданың қарқынды дамып келе жатқан негізгі аумақтарының біріне айналды. Ауданда жаңа жолдар, мектептер, саябақтар, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктер салынып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Инвестиция тарту, бизнестің белсенді қатысуы және кешенді жоспарлау аудан инфрақұрылымын сапалы дамытуға мүмкіндік беріп отыр.
2025-2026 жылдары Нұра ауданында мектептерді, балабақшаларды, тұрғын үй кешендерін және медициналық мекемелерді қоса алғанда, 200-ден астам әлеуметтік нысанның құрылысы қатар жүргізілуде.
Аудандағы тұрғын алаптарды газдандыру жұмыстары іс жүзінде аяқталды. Жалпы ұзындығы 170 шақырым болатын газ желілері тартылып, шамамен 4900 абонентке газға қосылу мүмкіндігі жасалды.
Жаңа тұрғын аудандармен қатар, көлік инфрақұрылымы да дамып келеді. Қазір бірнеше маңызды учаскеде жол құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, Е-68 көшесінің А. Бектұров көшесі мен Төле би көшесі аралығында жаңа жол салынуда. Осыған байланысты аталған аумақта көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді.
Сонымен қатар Төле би көшесін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл көше біртіндеп ауданның негізгі магистральдарының біріне айналып, жаңа тұрғын кварталдарды өзара байланыстырады.
Шыңғыс Айтматов көшесінің іске қосылуы Тұран және Қабанбай батыр даңғылдарындағы көлік жүктемесін едәуір азайтты. Қазір бұл аумақта абаттандыру және инженерлік коммуникацияларды тарту жұмыстары аяқталуға жақын.
Қайым Мұхамедханов көшесінде кварталішілік жолдар, әлеуметтік нысандарға кіреберістер мен жаяу жүргіншілер жолдары жөнделіп жатыр. Ауқымды жұмыстар Үркер тұрғын алабында да жүргізілуде.
Ауданда 9 жаңа мектептің құрылысы қолға алынған. Олардың бір бөлігі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. 2025-2026 оқу жылының басында үш жаңа білім ордасы пайдалануға берілді. №110 мектеп «Жағалау» тұрғын алабында, №115 мектеп Sat City тұрғын үй кешені маңында, ал №117 мектеп Greenline тұрғын үй кешенінің жанында, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының іргесінде ашылды.
Алдағы жылдары тағы алты мектептің құрылысы аяқталады. Бұл №71, №78 және №79 мектептердегі оқушы жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
2026 жылдың екінші жартысында ауданда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 800 орындық мамандандырылған инклюзивті мектептің құрылысы басталады. Жоба қолжетімді орта талаптарына сай әзірленіп жатыр.
2025 жылы ауданда 300 орындық №99 «Бүлдіршін» мемлекеттік балабақшасы пайдалануға берілді. Ал 2030 жылға дейін тағы 11 балабақша ашу жоспарланған.
Сол жылы ауданда 19 аула абаттандырылды. Оның тоғызы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жаңартылды. Бұл жоба арқылы тұрғындар өз аулаларының қандай болатынын өздері таңдады.
Үркер тұрғын алабында жаңа саябақ ашылды. Сонымен қатар «Самұрық Тауэрс» және Highvill Park 2 тұрғын үй кешендерінің маңындағы жаяу жүргіншілер аймақтары көгалдандырылып, абаттандырылды.
Алдағы уақытта тағы жеті қоғамдық кеңістік жаңартылады. Оның бесеуі жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Сондай-ақ «Ғарыш Сапары» кешенінің айналасы абаттандырылып, мұнда 1320 ағаш отырғызылды. Келешекте жаяу жүргіншілер жолдарының жабыны да ауыстырылады.
Бұдан бөлек, «Памир» тұрғын үй кешенінің жанында жаңа саябақ салынады.
Бүгінде Нұра ауданында 410 аула аумағы бар. Соның 362-сі толық абаттандырылған.
Қазіргі таңда Нұра ауданы нүктелік құрылыстан біртіндеп бас тартып, тұрғындарға қолайлы әрі үйлесімді қалалық орта қалыптастыруға бағытталған заманауи кварталдық даму қағидатына көшіп келеді.