ЕАДБ-ның 2027-2031 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясы бекітілді
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Еуразия даму банкі кеңесінің отырысын өткізді. Жиында банктің 2025 жылғы қызметінің қорытындылары қаралып, 2027-2031 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясы бекітілді.
Олжас Бектенов биыл Еуразия даму банкінің құрылғанына 20 жыл толатынын атап өтті. Премьер-министрдің айтуынша, банк осы уақыт ішінде қатысушы мемлекеттердің экономикалық дамуына елеулі үлес қосты және алдағы кезеңде де серпінді жұмысын жалғастырады.
Қазіргі таңда ЕАДБ жеті елді біріктіреді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша банктің жинақталған портфелінде жалпы инвестиция көлемі 19,6 млрд доллар болатын 326 жоба бар. Ал банк серіктестері жобаларға тартқан қаражатты қоса есептегенде, экономикаға салынған инвестициялардың жиынтық көлемі 64 млрд доллардан асты.
Отырыс барысында ЕАДБ кеңесінің Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген мүшелері сөз сөйледі.
ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов банктің 2025 жылғы қызметінің нәтижелері туралы баяндады. Оның мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша ЕАДБ инвестицияларының көлемі 2,6 млрд долларға жеткен. Қаржыландырудың басым бөлігі энергетика, көлік-логистика және химия өнеркәсібі салаларындағы жобаларға бағытталған.
Банктің «жасыл» жобалар портфелі бір жылда 17%-ға өсіп, 1 млрд долларды құрады. Сонымен қатар ЕАДБ-ның Техникалық жәрдем қоры мен Цифрлық бастамалар қоры су ресурстарын үнемдеу, жасанды интеллект технологияларын дамыту, агроөнеркәсіп кешенін қолдау және басқа да жобаларды іске асыру үшін 40 млн доллар бөлді.
Қазіргі инвестициялық портфельде Қазақстанның үлесі 4,2 млрд долларды немесе 65%-ды құрайды. Бүгінде банктің қатысуымен елімізде 46 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі ЕАДБ-ның 2022-2026 жылдарға арналған қолданыстағы стратегиясының мерзімінен бұрын орындалуы болды. Жыл соңына қарай осы стратегия аясындағы жинақталған инвестициялар жоспарланған 10,9 млрд доллардан асып, 12,2 млрд долларға жетеді деп күтіледі.
2022-2026 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына 5,2 млрд доллар бағытталған. Бұл көрсеткіш алдыңғы 15 жыл ішінде тартылған инвестиция көлемімен шамалас.
Кеңес отырысында ЕАДБ-ның 2027-2031 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясы бекітілді. Құжатта көлік-логистика кешенін дамыту, жоғары қайта өңдеу өнеркәсібін қаржыландыру және ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін халықаралық капитал тарту негізгі басымдықтар ретінде айқындалған.

Жаңа стратегияны іске асыру экономикалық кооперацияны кеңейтуге, инвестициялық белсенділікті арттыруға және банкке қатысушы мемлекеттердің тұрақты экономикалық өсіміне ықпал етеді деп күтіледі.
Отырыс қорытындысы бойынша ұйымдастырушылық және қаржылық сипаттағы бірқатар шешім қабылданды. Кеңес мүшелерінің ұсынысымен Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов қайтадан ЕАДБ кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ал төрағаның орынбасары болып ҚР қаржы министрі Мәди Такиев қайта тағайындалды. Сондай-ақ Кеңес 2026 қаржы жылы үшін сыртқы аудитор ретінде KPMG компаниясын бекітті.
Сонымен қатар Алматыда ЕАДБ-ның 20 жылдығына арналған «Еуразия 2030+: инвестициялар, өсу және жаңа мүмкіндіктер» бизнес-форумы өтіп жатыр. Форумға қатысушыларға ЕАДБ Директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Премьер-министрінің алғысөзі оқылды.
Алғысөзде қазіргі жағдайда Еуразия нарығының сауданы кеңейтуге, технологияларды енгізуге және экономикалық өсудің жаңа нүктелерін қалыптастыруға айтарлықтай әлеуеті бар екені атап өтілді. Осыған байланысты ЕАДБ-ның экономикалық ынтымақтастықты нығайтудағы және өңірлік интеграцияға ықпал ететін ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудағы рөлі ерекше екені айтылды.
Сонымен қатар алдағы жылдары Еуразияның орнықты өсімінің негізі адами капиталға салынатын инвестициялар, инновациялар және экономикалардың өзара байланысы болатыны көрсетілді.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанды құруға, заң үстемдігін нығайтуға, кәсіпкерлікті дамытуға және адами әлеуетті ашуға бағытталған стратегиялық бастамасы инвесторлардың сеніміне, экономиканы жаңғыртуға және халықаралық әріптестікті кеңейтуге берік негіз қалыптастырады. Бүгінде Қазақстанмен ынтымақтастық инвесторлар үшін бірлескен жобаларды жүзеге асыруда үлкен мүмкіндіктер ашуда. Шетелдік инвестициялар үшін «ашық есік» саясаты елдің стратегиялық басымдығы болып қала береді. Оның берік негізі меншік құқығының кепілдіктерін, кәсіпкерлік қызмет еркіндігін, адал бәсекелестік пен барлығының заң алдындағы теңдігін бекітетін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ережелері болып саналады».
Осылайша, ЕАДБ-ның жаңа стратегиясы Қазақстан үшін көлік-логистика, өнеркәсіп, инфрақұрылым және инвестициялық жобалар бағытында қосымша мүмкіндік ашуға бағытталған маңызды құжат ретінде қарастырылып отыр.