Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады. Кездесуде елдегі криминогендік жағдай және ішкі істер органдарына жүктелген міндеттердің орындалу барысы қаралды.

Министрдің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша тіркелген қылмыс деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға төмендеген. Сонымен қатар негізгі құқық бұзушылық санаттары бойынша қылмыстың азаюы және ашылу көрсеткішінің артуы байқалған.

Құқық қорғау органдары профилактикалық шараларға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударып отыр.

Ведомство «жазаның бұлтартпастығы» қағидатын іске асыруды жалғастырып келеді. Есепті кезеңде бұрын жасалған 1685 қылмыс ашылған. Сондай-ақ іздеуде жүрген 574 қылмыскер ұсталған, олардың 89-ы шетел аумағында анықталған.

Министр киберқылмыс, есірткі қылмысы, ұйымдасқан қылмыс және экстремизмге қарсы күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де ақпарат берді. Бұл бағытта қылмыстық топтардың әрекетін тоқтату, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастықты нығайту шаралары жүзеге асырылуда.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында «Заң мен тәртіп» қағидатын нақты іске асыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.