Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады. Кездесу барысында Қордың 2025 жылдың алғашқы бес айындағы қызмет нәтижелері және орта мерзімді даму жоспары таныстырылды.

Нұрлан Жақыповтың мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қордың басқаруындағы активтер көлемі 88 млрд АҚШ долларын құраған.

Қазіргі уақытта ауқымды инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалар жүзеге асырылуда. Биыл жалпы құны 3,3 трлн теңгені құрайтын 16 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың қатарында Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желілерінің құрылысы, Қашағандағы газ өңдеу зауыты, Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту, гибридті электр станциясының құрылысы және Каспий теңізі түбімен талшықты-оптикалық желі тарту жобалары бар.

Аталған бастамалар елдің көлік, энергетика және цифрлық инфрақұрылымын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ Қор жобалары аясында жыл сайын шамамен 1 млн азаматқа әлеуметтік қолдау көрсетілетіні айтылды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде ел аумағында 5 млн көшет отырғызу жоспарланған, ал 2024–2025 жылдары 5,8 млн ағаш егілген. Жалпы 2023–2026 жылдар аралығында 856 млрд теңгеге 100-ден астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда.

Бұдан бөлек, биыл қазан айында Қосшы қаласында NVIDIA B300 базасындағы жаңа суперкомпьютерді іске қосу жоспарланып отырғаны хабарланды. Бұл шешім Қазақстанның жасанды интеллект, деректерді өңдеу және жоғары өнімді есептеу саласындағы мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.

Президент кездесу қорытындысы бойынша Қорға инвестициялық жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асыруға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.