Қазақстандағы госпитальдық фармация бөлімшелері дәрілік заттарды басқаруда 3,5 млрд теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік берді
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде елдегі стационарларда клиникалық фармакология және госпитальдық фармация бөлімшелерін енгізу нәтижелері қаралып, олардың қызметін кеңейту жолдары талқыланды.
Министрліктің мәліметі бойынша, 2024–2025 жылдар аралығында дәрілік заттарды басқарудың заманауи әдістерін енгізу арқылы шамамен 3,5 млрд теңге үнемделген. Қазіргі уақытта клиникалық фармакология мен госпитальдық фармация қызметі дәрілік препараттарды тағайындауды, есепке алуды, қолдануды бақылауды, дәрілік қателіктер мен жағымсыз реакциялардың алдын алуды және бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді.
Бұл жүйе полипрагмазияны бақылауда маңызды рөл атқарады, себебі бір пациентке негізсіз тағайындалған дәрілер емдеу нәтижесіне кері әсер етіп, асқынулардың қаупін арттырады.
Қазіргі таңда Қазақстанда 142 клиникалық фармакология және госпитальдық фармация бөлімшесі жұмыс істейді. Ең белсенді енгізу жұмыстары Астана, Шымкент, Атырау, Қызылорда және Алматы облыстарында жүргізілуде.
Мамандардың пікірінше, антибиотиктермен емдеудің 30–50 пайызы негізсіз тағайындауға байланысты, бұл денсаулық сақтау жүйесіне қосымша шығын келтіріп қана қоймай, микроорганизмдердің антибиотиктерге төзімділігін арттырады.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бөлімшелердің негізгі мақсаты бюджетті үнемдеу ғана емес, пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
«Бұл тек қаражатты үнемдеу емес, дәрілік қателіктердің алдын алу, асқынулар санын азайту және емдеу сапасын арттыруға бағытталған жұмыс», – деді министр.
Мысалы, Астана қаласындағы №1 көпбейінді аурухананың госпитальдық фармация бөлімшесі дәрілік заттарды есепке алу мен бақылауды автоматтандырып, күнделікті фармацевтикалық аудит енгізді. Аурухананың директоры Ербол Сәрсенбаевтың айтуынша, бөлімше алғашқы жұмыс жылында 340 млн теңге үнемдеуге қол жеткізді, жағымсыз жанама реакциялар 60%-ға, дәрілік қателіктер 45%-ға азайды, ал пациенттердің шағымдары 30%-ға төмендеген.
Қызметтің рөлі өзгеріп, провизорлар емдеу процесінің толыққанды қатысушысына айналды, дәрілерді арнайы бокстарда дайындап, тарату жүйесі мейіргерлердің жұмысын жеңілдетті және пациенттерге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік берді.
Аппараттық кеңес қорытындысы бойынша министр барлық стационарларда клиникалық фармакология және госпитальдық фармация бөлімшелерін ашуды жандандыру, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және кадрлық қамтамасыз етуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалар берді.