Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің туған күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады.

Хатта Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасының Қазақстан мен Қытай арасындағы мызғымас достық, тату көршілік және өзара қолдауға негізделген стратегиялық серіктестікті нығайтудағы елеулі үлесін атап өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Қытай қатынастарының қазіргі «алтын отызжылдық» кезеңінде екіжақты ынтымақтастық қарқыны сақталып, одан әрі дамып, жаңа бағыттар қамтылатынына сенім білдірді.

Президент Си Цзиньпинге мемлекеттік қызметінде табыс, ал достас Қытай халқына амандық пен өркендеу тілегін жолдады.