Жыл мезгілі жылынған сайын елордада қоғамдық орындарды ластау жағдайлары жиілей түсті. Көлік тұрақтарында, көпқабатты үйлердің аулаларында, гүлзарлар мен саябақтарда тұрғындар темекі тұқылдары, күнбағыс дәндерінің қабықтары, қаптамалар және басқа да тұрмыстық қалдықтарды тастап кетеді. Астана қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, бұл әрекеттер тек қаланың келбетін бұзумен шектелмей, әкімшілік заңбұзушылық болып саналады.

Қалалық полицияның мәліметінше, қоғамдық орындарды ластау фактілері патрульдеу кезінде және қалалық бейнебақылау жүйелері арқылы тіркеледі. Камералар рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастау жағдайларын анықтап, құқық бұзушыларды жауапқа тартуға мүмкіндік береді.

Жыл басынан бері қоғамдық кеңістіктерді ластағаны үшін шамамен 500 тұрғын жауапқа тартылды. Сонымен қатар, абаттандыру ережелерін бұзу бойынша 23 мыңнан астам жағдай анықталған.

Полиция өкілдері тұрғындарды күнделікті тазалықты сақтау әдетке айналдыруға шақырды. Таза және жайлы қала әрбір азаматтың қоршаған орта мен қоғамдық кеңістікке деген құрметінен басталады. Бұл бағытта республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы тұрақты түрде өткізіліп, аумақтарды абаттандыру, қоғамдық кеңістіктерді санитарлық тазарту, көгалдандыру және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру шараларын қамтиды.