Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековті қабылдап, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама тыңдады.

Әкімнің айтуынша, 2025 жылы өңірлік жалпы өнім көлемі 5,7 триллион теңгеге жетіп, 11 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент еліміздегі өңірлер арасында екінші орында тұр. 2025 жылы қала экономикасына тартылған инвестиция көлемі 859,5 миллиард теңгені құрап, оның 72 пайызы жеке секторға тиесілі болды, жалпы өсім – 7,5 пайыз.

Соңғы үш жылда өнеркәсіп саласында 50 жоба іске қосылып, құны 170 миллиард теңге болатын жобалар арқылы 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны 133 мыңға жетіп, олар өндірген өнім көлемі 4,7 триллион теңге болды. Бұл көрсеткіштің қаланың жалпы өніміндегі үлесі 41 пайыздан 56 пайызға артты.

Президентке 2026 жылғы төрт ай қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы, оның ішінде өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік салаларындағы өсім туралы ақпарат берілді. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 10,4 пайызды құрады.

Ғабит Сыздықбеков Мемлекет басшысына бұрынғы тапсырмалардың орындалу барысын баяндап, қазіргі уақытта 200 орынға арналған заманауи перинаталдық орталық құрылысы жүріп жатқанын, сондай-ақ 150 орындық оңалту орталығын биыл пайдалануға беру жоспарланып отырғанын жеткізді.

Қалада 35 мың көрерменге арналған заманауи стадион, паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт түрлері мен боччаға арналған мамандандырылған кешен құрылыстары жүргізілуде. Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары атқарылуда.

Мемлекет басшысы Шымкент қаласының дамуын одан әрі жандандыру және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту үшін нақты тапсырмалар жүктеді.