Ұлттық ғылым академиясы Ұлытау облысының ғылыми-технологиялық дамуының басым бағыттарын айқындады
2026 жылғы 11 маусымда Жезқазған қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбындағы көшпелі Президиум отырысы өтті. Іс-шара өңірлік ғылымды дамыту, өнеркәсіптік әлеуетті арттыру, технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету және адами капиталды жетілдіру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Отырыстың басты мақсаты – Ұлытау облысының ғылым мен технология саласындағы өзекті мәселелерін талқылау және өңірдің өнеркәсіп, экология, су ресурстары, геология, энергетика және әлеуметтік салалардағы стратегиялық міндеттерін шешуге бағытталған ғылымды дамыту басымдықтарын айқындау болды.

Іс-шараға ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұржан Карипбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саян Нұрбек, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев (онлайн), ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жанна Дубирова, ҚХР Ганьсу провинциясының түсті металдарды геологиялық барлау басқармасы бастығының орынбасары Лю Юнган, ҚХР Ланьчжоу университетінің Геология ғылымдары және минералдық ресурстар институты директорының орынбасары, профессор Дай Шуан, Қазақмыс корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Нұржанов, сондай-ақ академиктер, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері, ірі өнеркәсіп және бизнес өкілдері қатысты.

Ақылбек Күрішбаев өңірлік ғылымды дамыту – өңірлердің экономикалық өсімі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы негізгі фактор екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта ғалымдардың 61%-ы және ғылымды қаржыландырудың 71%-ы Астана мен Алматы қалаларында шоғырланған. Өңірлік ғылымды күшейту – уақыт талабы», – деді ол.

Ұлттық ғылым академиясы әзірлеген «Ашық қолданбалы ғылым» моделі ғылыми зерттеулердің толық циклін қаржыландыруға бағытталған. Бұл модель 2026–2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының инновацияларды дамыту тұжырымдамасының құрамдас бөлігіне енгізілген. Форсайттық зерттеулер нәтижесі бойынша Ұлытау облысында ғылым минералдық шикізатты кешенді өңдеу, геологиялық барлау, металлургияны цифрландыру, экологиялық қауіпсіздік, су ресурстарын басқару және агроөнеркәсіп кешенін ғылыми сүйемелдеу бағыттарына шоғырлануы тиіс.
Отырыста заманауи аэрогеофизикалық технологияларды, 3D модельдеуді және жасанды интеллект құралдарын пайдалану маңызды екені айтылды. Академия Critical Minerals TechNet (2027–2031 жж.) флагмандық бағдарламасын әзірледі, ол стратегиялық және сирек металдарды барлау мен өңдеудің ұлттық цифрлық контурын қалыптастыруға бағытталған.
Кездесу барысында Қытайдың жетекші ғылыми ұйымдарымен технологияларды трансфертеу, тау-кен металлургиясын дамыту, геологиялық барлауды цифрландыру, аэро-геофизикалық зерттеулер жүргізу, 3D модельдеу және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ, су ресурстарын басқару, жаңа материалдар, агробиотехнология және фармацевтика бағыттары бойынша флагмандық бағдарламалар қарастырылды.

Отырыстың қорытындысы бойынша өңірдің ғылыми-технологиялық дамуын жеделдетуге, инновациялық шешімдерді өндіріс саласына енгізуге, экологиялық және су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адами капиталды дамытуға және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған шешімдер мен іс-қимыл жоспары қабылданды. Сонымен қатар Жезқазған қаласындағы «Kazakhmys Barlau» ЖШС геологиялық кластерінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының өңірлік форсайт орталығы ашылды.
