Қызылордада қаржы пирамидасын ұйымдастырған азамат сотталды
Қызылорда қаласында «WornerBros» платформасы арқылы қаржы пирамидасын ұйымдастырған азамат сот шешімімен бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.
Тергеу материалдары бойынша, күдікті қатысушыларды қысқа бейнероликтер мен фильмдер арқылы табыс табуға болады деп сендіріп, жүйеге тартқан. Салымшылардан VIP-пакеттерді 10 мың теңгеден 11 миллион теңгеге дейін сатып алу талап етілген. Ұйымдастырушылар күніне 735 мың теңгеге дейін табыс түсетінін уәде етіп, жаңа қатысушыларды рефералдық сілтемелер арқылы тартқаны үшін қосымша бонус төлемдерін енгізген.
Сот материалдарына сәйкес, қаржы пирамидасын насихаттау мақсатында WhatsApp топтары мен әлеуметтік желілерде жарнамалар қолданылған. Салымшылардың қаражатын жинау және аудару үшін крипто әмияндар пайдаланылғаны анықталған.
Сот үкімі бойынша айыпталушы кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оның иелігіндегі 3 миллион USDT көлеміндегі криптоактивтер тәркіленді. Іс бойынша 24 жәбірленушінің азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды. Сот шешімі заңды күшіне енді.