БҚО мен Ляонин провинциясы ғылым, білім және технология салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр
Ляонин провинциясы партия комитетінің хатшысы Сюй Куньлинь, провинция губернаторы Ван Синьвэй және провинциялық саяси консультативтік кеңестің төрағасы Чжоу Бо Шэньян шаһарында өткен халықаралық бауырлас қалалар конференциясында қонақтармен кездесті. Батыс Қазақстан облысының делегациясын облыс әкімі Нариман Төреғалиев басқарды.

Ляонин провинциясының жетекшілері қатысушыларға ризашылығын білдіріп, бұл қадам екі өңір арасындағы ынтымақтастықты дамытуға деген шынайы ниеттің айқын көрінісі екенін атап өтті. Сюй Куньлиньдің сөзінше, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің көшбасшылығымен әлемдік деңгейде бауырлас қалалармен жан-жақты байланыс орнатылып, олардың саны артқан.
«Қазіргі таңда Ляонин провинциясының 96 бауырлас қаласы бар және 400-ге жуық қаламен серіктестік байланыс орнатылды. Халықаралық конференцияға 50-ден астам елдің өкілдері қатысып отыр. Бұл іс-шара білім, ғылым және технология саласында стратегиялық әріптестікті нығайтуға зор мүмкіндік береді», – деді Сюй Куньлинь.

Сонымен қатар, батысқазақстандық делегацияның Қытайға жұмыс сапары аясында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Сюй Куньлинь және Ван Синьвэймен жеке кездесулер өткізді, сондай-ақ кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізілді. Сапардың басты мақсаты – Президент тапсырмаларына сәйкес сыртқы экономикалық байланыстарды күшейту, инвестиция көлемін арттыру және маңызды салаларда ортақ жобаларды іске асыру болып отыр.

